Алматыда соңғы үш жылда 650 шақырым жол жөнделіп, 100 шақырым жаңа жол салынды
Әр шығарылымда авторлар тұрғындармен, тарихшылармен және сәулетшілермен бірге осы уақытқа дейін белгісіз болып келген деректі ашады. Сонымен қатар, қала билігінің өкілдерімен бірлесіп, қоғамдық кеңістіктерді, көшелер мен даңғылдарды жаңарту және өзгерту жоспарын айтып береді.
Алатаудың баурайында жатқан мыңжылдық тарихы бар Алматының әр көшесі, әр ғимараты – сан қилы кезеңнің үнсіз куәсі. Алып шаһардағы даңқты даңғылдардың бірі «Достықтың» да дамуы қаланың көркейіп, өркендеуіне тікелей байланысты болды. Мегаполистің оңтүстігі мен солтүстігін жалғап жатқан жол 8 шақырымға созылған.
Даңғыл Кеңес одағы кезінде де маңызды магистральдің бірі болды. Сол уақытта көше Алматының іскерлік, мәдени һәм сауда орталығына айнала бастаған. Көше 1887 жылдан 1919 жылға дейін сол кездегі Верный бекінісінің көркеюіне үлес қосқан Колпаковскийдің құрметіне аталды. Ал одан кейін атауы Ленин деп өзгерді. Араға 70 жылдан аса уақыт салып, 1995 жылы даңғыл «Достық» деген жаңа атауға ие болды.
«Достық даңғылы деп аталуының бірден-бір себебі 1995 жылдың Наурыз айында қазақ жерінде тарихы, тағдыры біріккен ұлттардың құрметіне Қазақстан халқы Ассамблеясымен тұспа-тұс келді. Осылайша, достықтың, ынтымақтастықтың, бірліктің есебі ретінде Достық даңғылы деп аталды», – деді тарихшы Асқар Бектемір.
Қала тұрғындары да даңғылдың даму тарихына куә болғанын айтады. Шаһардың орталығында орналасқан аумақ күн санап көркейіп келеді, - дейді олар.
Даңғыл қазір қазақстандық сауда мәдениетінің өзіндік мұражайы іспеттес болған «Көк базардан» басталады. 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағын кесіп өтіп, Керей-Жәнібек хандар көшесіне дейін жалғасады. Бұл – Алматының інжуі атанған Медеуге апаратын жол. Даңғыл бойында Республика сарайы, Арман кинотеатры, бизнес-орталықтар мен әлеуметтік қызмет көрсететін нысандар, сондай-ақ жоғары оқу орындары орналасқан. Тарихтан сыр шертетін тағылымы мол мұражайлар да мұнда жоқ емес. Ал шаһардағы мерекенің бәрі бастау алатын Абай алаңы көпшілікке етене таныс. Әз-Наурыздағы көш-керуен осы жерден басталып, Жаңа жылдағы бас шыршаның шамы да осы алаңда жанады.
Төбесіне алтын тәж орнатылған ғимарат бүгінде арайлы Алматының рәмізіне айналған. ХХ ғасырдың екінші жартысында алып шаһар қазақстандық сәулеттің тәжірибе алаңы іспеттес еді. Нәтижесінде кеңестік модернизм сипатында көп нысан пайда болды. Оның айқын көрінісі – 32 жыл бойы оңтүстік астананың ең биік ғимараты болған биіктігі 102 метрге жететін осы – «Қазақстан» қонақүйі.
Даңғыл бойында орналасқан қонақүй алғашында 9 қабатты болады деп жобаланған. Алайда, шаһарға ерекше көрік беретін сәулет ғимараттарын салу керек болады. Солайша 1977 жылы 25 қабатты қонақүй бой көтерген. Жер сілкінісіне төзімді етіп салынған және қала құрылысына сән берген ерекше сипатты сәулет жобасына айналды. Мейманхана орналасқан даңғыл күн сайын көркейіп келеді. Қала әкімдігі биыл Достық пен Пушкин көшелерінде «Қасбеттен қасбетке дейін» жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
«Қаладағы көп көшеде үйлердің абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Мұндай тәжірибе бұрын-соңды болмаған. Бірақ әлемнің дамыған мегаполистеріндегі тәжірибеге сүйеніп, «Қасбеттен қасбетке дейін» жобасын жүзеге асырамыз. Достық даңғылын Құрманғазы көшесінен әл-Фараби даңғылына дейін, ал Пушкин көшесін Гогольден бастап Райымбек даңғылына дейін абаттандыруды жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров.
Аталған жоба шеңберінде тротуарлар ретке келтіріледі, жасыл желек отырғызылып, тұрғын үй аумақтары түрленеді.
Айта кетейік, «Қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты алматылықтар үшін жайлы орта құру мақсатында жүзеге аспақ.
Еске салайық, Almaty TV-де «Made in Almaty», «Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сынды бірқатар жаңа бағдарлама эфирге жол тартты. Сонымен қатар алдағы уақытта «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар.