Алматыда соңғы үш жылда 650 шақырым жол жөнделіп, 100 шақырым жаңа жол салынды
Әр шығарылымда авторлар тұрғындармен, тарихшылармен және сәулетшілермен бірге осы уақытқа дейін белгісіз болып келген деректі ашады. Сонымен қатар, қала билігінің өкілдерімен бірлесіп, қоғамдық кеңістіктерді, көшелер мен даңғылдарды жаңарту және өзгерту жоспарын айтып береді.
Алматыда жол-көлік желісін дамыту жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Мегаполистегі маңызды магистральдің бірі Райымбек даңғылы да көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге қолайлы бола түспек.
Алматы көшелерінің қай қайсысы да қала тарихының түрлі кезеңінен сыр шертеді. Соның бірі – сонау Жоңғар шапқыншылығында жауға қарсы шапқан даңқты Райымбек батырдың есімімен байланысты. Шаһардың маңызды магистраліне айналған даңғыл қазір алып шаһардың алты ауданын басып өтіп 13 шақырымға созылып жатыр.
Оған дейін бұл көше Ташкент деп аталды, ал 1967 жылы жолдың бір бөлігі Октябрдің 50 жылдығы деген атау алды. Жастайынан жауға тиіп, күркіреген үнімен дұшпанын күңіренткен қолбасшының есімі даңғылға 1990 жылы берілді. Даңқты батыр қайтыс болар алдында ұрпағына «Денемді ақ түйеге өңгеріп, бос жіберіңдер. Түйе қай жерге шөксе, сол жерге жерлеңдер» деп өсиет қалдырған. Батыр бабаның сүйегін арқалаған жануар бірнеше күн жүріп, шөккен жері қазіргі Райымбек даңғылының бойы болды. Қасиетті орын саналатын зәулім кесенеге бүгінде халық тәу етуге жиі келеді. Мұнда мұң-мұқтажын айтып, тілек тілейтін, құран бағыштап, дертіне дауа іздейтін жандардың қарасы еш үзілмейді.
Даңғыл бойында оқу орындары, мәдени нысандар, ірі сауда орталықтары мен аллеялар орналасқан. Әлеуметтік маңызды нысандар, зәулім тұрғын үйлер аз емес.
Алматының метросы да осы даңғылдан басталады. Назарбаев даңғылымен қиылыста орналасқан Райымбек бекеті 2011 жылы ашылды. Дизайнымен ерекшеленетін стансаны мегаполис метросының алғашқы бекеті деуге болады. Ол да өз кезегінде жол бойындағы жүктемені азайтуға септеседі.
Даңғыл бойымен күніне мыңдаған автомобиль жүріп өтеді. Мегаполистің маңызды магистралінде қатынайтын қоғамдық көлік те көп. Бүгінде жол бойында автобус және велосипед жолақтары бар, алайда қала билігі даңғыл бойын жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге бұдан да жайлы ету үшін жүйелі жұмыс атқармақ. Алматының шығысы мен батысын жалғаған Райымбек даңғылында БРТ пайда болады. Нәтижесінде, қоғамдық көлік қозғалысының жылдамдығы 70 пайызға артып, қолайлы бола түседі.
«БРТ бойынша жоба дайын. Енді жобалық-сметалық құжаттардың шыққанын күтіп отырмыз. Құрылысын биыл бастау жоспарда бар. Қала әкімі Ерболат Досаев биыл жыл соңына дейін негізгі жұмыстарды аяқтауды тапсырды», – деді Мобилділік басқармасы жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің басшысы Айдос Желдікбаев.
Мамандардың сөзінше, бұл шаруа жол жүктемесін азайтып, көлік қозғалысын жеңілдетеді. Сондай-ақ БРТ құрылысымен қатар даңғыл толық абаттандырылады деп жоспарланған. Айта кетейін, қала әкімінің тапсырмасымен шаһарда соңғы 3 жылда 650 шақырым жол жөнделіп, 100 км автожол салынды.
Ал биыл тағы 300 шақырым жол жөндеуден өтеді деп жоспарланыпты. Сондай-ақ мегаполисті абаттандыру аясында «Қасбеттен қасбетке дейін» жобасы Достық даңғылы мен Пушкин және Жібек жолы көшесінде жобасы жүзеге асады. Оның шеңберінде тротуарлар ретке келтіріледі, жасыл желек отырғызылып, тұрғын үй аумақтары түрленеді.
Айта кетейік, «Қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты алматылықтар үшін жайлы орта құру мақсатында жүзеге аспақ.
Еске салайық, Almaty TV-де «Made in Almaty», «Шаһар шырайы», «Экономика жаңалығы» және «Қала тынысы» сынды бірқатар жаңа бағдарлама эфирге жол тартты. Сонымен қатар алдағы уақытта «Алматы аудандары» және «Кері байланыс» жобаларын шығару жоспарда бар.
Оқи отырыңыз: Достық даңғылы: Almaty TV-де «Алматы көшелері» бағдарламасының жаңа шығарылымы жарық көрді