Алатау ауданы мектептеріндегі орын тапшылығы қалай шешіліп жатыр

06.10.2022 15:30

Жыл соңына дейін 7 800 орындық 5 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған

smartik.ru

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы халқымен кездесуінде мектептердегі орын тапшылығының қалай шешіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, қазір Алатау ауданы мектептердегі орын тапшылығы бойынша Алматы қаласында бірінші орында. Аудандағы 8 000-ға жуық оқушыға орын жетіспейді(7 922).

Бұл мәселені шешу үшін Алматы қаласы әкімдігі кешенді шаралар қабылдады.

Осы жылдың соңына дейін Алатау ауданында 7 800 орындық 5 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланған.

Оның ішінде осы жылғы 1 қыркүйекте Саялы, Томирис және Рахат-Мәдениет шағынаудандарында 4800 орындық 3 жаңа мектеп ашылды. Бұл Алматы қаласында үш ауысымда оқитын жалғыз мектептің (Рахат-Мәдениет шағынауданындағы №196 мектеп) мәселесін түпкілікті шешуге мүмкіндік берді.

"Нұркент және Дархан шағынаудандарында қалған 3000 орындық 2 мектепті біз осы оқу жылының II-тоқсаны басына қарай ашамыз. Қазіргі уақытта мектептер 95%-ға дайын. Аумақты абаттандыруды аяқтау қалды", - деп мәлімдеді қала әкімі.

Бұдан басқа, Саялы-2, Зерделі және Самғау шағынаудандарында 2600 орындық 3 жаңа мектеп салынып жатыр.

Саялы-2 шағынауданында 550 орындық мектептің құрылысы басталды. 2023 жылдың қараша айында аяқталады.

Зерделі шағынауданы бойынша мердігер ұйымды анықтау конкурсы өтіп жатыр. Желтоқсан айында 550 орындық мектеп құрылысы басталады.

"Самғау шағынауданы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланына тиесілі жер учаскесі анықталды. Біз қалаға 2,5 гектар бөлу туралы келісімге келдік, онда 2023 жылы 1500 орындық заманға сай мектеп құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз", - деп толықтырды Досаев.

Алатау ауданында 2 мемлекеттік колледж салу жоспарланған.

Оның айтуынша, бүгінгі күні 380 орындық жатақханасы бар 720 орындық кәсіптік-техникалық колледж салу үшін мердігер ұйымды анықтауға конкурс өтіп жатыр.

2023 жылдың I-тоқсанында Индустриялық аймақта 380 орындық жатақханасы бар 720 орындық инновациялық технологиялар колледжі салына бастайды.