Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Алина Молдағалиева АҚШ пен Гонконг ЖОО-ларының 11 білім грантын жеңіп алды, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Ұсынылған гранттар ішінен Алина АҚШ-тың Филадельфия қаласындағы Drexel University оқу орнын таңдап алған. Жас интеллектуал «Химиялық инженерия» мамандығы бойынша АҚШ-тағы президенттік грант пен Drexel білім грантының иегері атанды.
«Назарбаев зияткерлік мектебі мен үшін жаңа белестерге жол ашып, болашақ өміріме қажетті дағдыларды бойыма сіңдірді. Үштілділік саясаты жаһандану дәуірінде қазіргі заман қоғамының лайықты азаматы болуға бейімдейді», - дейді оқушы қыз.
Молдағалиеваға ұсынылған 11 гранттың алтауы толығымен тегін білім алуға мүмкіндік береді, ал қалған университеттер жартылай жеңілдік ұсынып отыр.
«Мен таңдаған Drexel University оқу орнының ең жақсы жері – бірінші курстан бастап жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауға болады. Болашақта еліме қайтып оралып, химиялық инженерия саласын дамытсам деймін», - деп Алина арманымен бөлісті.
Алина – «Алтын белгiге» үміткер, Мәскеудегі МФТИ химия бойынша халықаралық онлайн-олимпиадасының жүлдегері, БҰҰ моделіндегі мектеп конференциясында Best Speech Certificate марапатының иегері, шаңғы спорты бойынша Орал қаласының чемпионы.