Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық ғалымдарды Ғылым күнімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып.
«Бүгін - Ғылым күні! Бұл салада 22 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Ғылымсыз, жаңа технологиялар мен білімді енгізбестен экономикада да, әлеуметтік салада да табысқа жету мүмкін емес, сондықтан ғылымның дамуына өз өмірін арнаған және барлық күш-жігерін жұмсайтын адамдарды бағалауымыз қажет. Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемде ғалымдардың рөлі қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Біздің ғалымдарымыз, атап айтқанда ҚР БҒМ Ұлттық биотехнология орталығының қызметкерлері штамның өзі болмастан, небәрі 6 күн аралығында коронавирусты анықтауға арналған бірегей тест-жүйе әзірледі», - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.
Асхат Аймағамбетовтің жазуынша, қазақстандық ПТР жүйесі жоғары дәлдікке ие әрі оның үстіне Уханда табылған коронавирусты ғана емес, SARS-CoV-2 секілді басқа коронавирус штамдарын да анықтауға қабілетті. Қазір биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институты мен Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары COVID-19 коронавиру инфекциясына қарсы вакцина әзірлеуге кіріскен.
«Қазақстан ғылымы зор әлеуетке ие. Ғалымдардың еңбектері әлемнің жетекші ғылыми журналдарында жиі жарияланады. 2011 жылмен салыстырғанда «Scopus» деректер базасында қазақстандық ғалымдардың жарияланымдарының жалпы саны 34,5 есе, «Web of Science» деректер базасында - 59 есе өсті. Кейінгі бес жыл ішінде отандық ғалымдардың әрбір бесінші жарияланымы әлемнің ғылыми журналдарының үздік 25-тігіне ілінді. ;ылыми жарияланымдар авторларының саны 3 есе өсті», - дейді Асхат Аймағамбетов.
Министр дегенмен ғылымды одан әрі дамыту үшін елеулі өзгерістер, басқару жүйе сі мен қаржыландыру тетіктерін жетілдіру керектігін айтады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке қаржыландыруды айтарлықтай ұлғайтуды тапсырып, қазір жүйені сапалы өзгерту бойынша түбегейлі шаралар қабылданып жатыр.
«Біріншіден биыл алғаш рет ғылыми-зерттеу институттарының инфрақұрылымын жаңартуға қаражат бөлінді. Келесі жылы біз ғылыми ұйымдардың жабдықтары мен зертханаларын белсенді түрде жаңартамыз. Екіншіден ғылыми бағдарламаларды гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыруға арналған байқаулар енді үш жылда бір рет емес, жас ғалымдар арасындағы байқаулар секілді жыл сайын өткізіледі. Үшіншіден қаржыны бөлу бойынша ашықтықты арттыру бойынша жұмыс басталды. Өтінім сапасына талаптар да қатаяды. Төртіншіден министрлік жоғары оқу орындары мен академиялық ғылымның интеграциясын жандандырмақ. Біз конкурстық негізде «академиялық басымдылық орталықтары» құрылатын үздік 10 оқу орнын іріктеуді шештік. Бесіншіден ғылымды қаржыландыру көлемі 2020-2022 жылдарға екі есе ұлғайды. 2025 жылға қарай ол жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын құрайды», - дейді министр.
Сондай-ақ ғалымдарға әлемдік ғылыми орталықтарында зерттеу тағылымдамасынан өту үшін арнайы гранттарды бөлу жоспарланған. Қазірдің өзінде тіл білімі, тарих, философия, әдебиет және басқа салада іргелі зерттеулермен айналысатын ірі институттардың ғылыми жобаларын тұрақты қаржыландыруға көшіру жұмыстары жүргізілуде. Олар гранттар алуға тәуелді болмай, тұрақты зерттеулер жүргізуі тиіс.
Осы және өзге де көмек-қолдауларды айта келе министр ғалымдарды бүгінгі мерекесімен құттықтады.
«Құрметті ғалымдар! Қымбатты әріптестер! Сіздер еліміздің тірегі және біздің мақтанышымызсыздар. Сіздер - Қазақстанды жаңашылдыққа бастайтын және тың серпілістерге жетелейтін алдыңғы қатарлы қауымның өкілісіздер. Жұмыстарыңызға табыс, бірегей идеялар мен зор денсаулық тілеймін! Мерекелеріңізбен, ардақты ағайын!» - деп түйді министр.