Алматыда «Жас кәсіпкерлер» форумы өтіп жатыр. Шара барысында өнертапқыштар қызықты идеяларын айтып, бизнес саласында үлкен жетістікке жеткен жандармен тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шараға Нұрлан Смағұлов, Арманжан Байтасов және Қайрат Құдайберген қатысып, табысқа жетудің қыр-сырын бөлісті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бүгінде кәсіп бастағысы келетін жастардың саны артқан және ісін өрге домалатып отырған студенттер де бар екен.
«Адаптация туралы көптеген жаңалық жасаған болатынбыз. Біріншіден, қоғамдық тамақтану орындарына өздеріңіз білесіздер, Ashyq қосымшасымен кіреміз. Сол кезде біз «жасыл» статус, яғни қауіпсіз мәртебесі барларға 10 пайыз жеңілдік жасасақ дедік. Бұл вакцина алуға мотивация болмақ. Екіншіден, тұтынушылар саны көтеріледі», – деді жас кәсіпкер Нұрсұлтан Оңдасынов.
Айта кетейік, әлемдік экономикалық дамуда шағын және орта бизнестің үлесі мол. Сондықтан ілгерілеуге бағыт ұстаған елдер кәсіпкерлікті мейлінше дамытуы керек дейді ұйымдастырушылар.
«Алдағы уақытта да жастарды қолдау үшін түрлі форум мен байқаулар ұйымдастыруға дайынбыз. Жобаларын іске асырғысы келетін немесе бизнес саласына қызығатын студенттер бізге келіп, тәжірибе жинақтаса болады», – деді ұйымдастырушы Жарасхан Сарыев.