Соңғы үш аптада Алматыдағы 35 жоғары оқу орнының 7 мыңнан астам студенті қосымша жатақханалар мен хостельдерге орналасты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кейбір жоғарғы оқу орындары өз студенттері үшін жекеменшік жатақханалар мен хостелдерді жалға алды, ал кейбір институттар өз балансындағы ғимараттарды студенттер баспанасына айналдырды.
Айта кетейік, Алматы шаһарындағы бірінші курс студенттері жаңа оқу жылының басында толық жатақханаларға орналасты. Студенттерді баспанамен қамту мәселесі Ғылым және жоғары білім министрлігінің бақылауында тұрады.
«Біз жоғары оқу орындарымен бірлесіп студенттерді жатақханаға орналастыру мәселесін шешіп жатырмыз. Студенттердің басым бөлігі баспанамен қамтылды. Ескерте кетейік, министрлікке қарасты студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабы жұмысын жалғастырып, тұрғын үйге мұқтаж студенттерге көмектеседі. Бұл жұмыс тоқтамайды», – деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.