Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытудың ұлттық жобасын жүзеге асыру басталды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жобаның 10 жылға нақты тұжырымдамасы бекітілген. Бұл елімізде әлеуметтік маңызы бар тағам түрлерін сапалы өндіру мен осы салада жұмыс орындарының көбеюіне мүмкіндік туғызады. Ал аграрлық саладағы өзге де өзекті мәселелер бүгін Алматыда өткен халықаралық форумда талқыланды. Жиынға шет елдің жоғары оқу орындарының ректорлары да қатысты.
«Бүгін пандемиядан кейін алғашқы рет оффлайн режимінде ТМД жетекші аграрлық университетінің ректорлары жиналып отыр. Мақсаты – бүгінгі ғылыми конференцияда тәжірибе алмасу. Ғылыми тәжірибелерді алып, біз өзіміздің Қазақстандық аграрлық университеттердің жұмысында пайдаланатын боламыз», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Сондай-ақ халықаралық форум кезінде «Сапалы тамақтану» мен «Өнегелі өмір» кітаптары көпшілікке таныстырылды. Кітапта агроөнеркәсіп саласын дамытудың түрлі бағыттары көрсетілген. Әдістемелік оқулық Лонданда үш тілде басылып шығыпты.
«Қазақстанды аграрлы салада дамыту керек. Дүниежүзінде 10 жылдың ішінде азық-түлік мәселесі туындап тұр. Сондықтан да біздің елді дамыту, экспорт мәселесін шешу, әртүрлі салаларды көтеру мәселесін талқылауға бүгін ректорлар жиналып отыр», – деді Ұлттық ғылыми білім орталығының төрағасы Дархан Балпанов.