Алматыда биыл 8 мектептің құрылысы басталды

Алматыда биыл 8 мектептің құрылысы басталды
Биыл қанша мектеп қолданысқа беріледі?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл Алматы мектептері 20 мыңға жуық орынмен толығады. Бұл білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын 70 пайызға дейін азайтады деген сөз. Қарқынды қолға алынған шаруалар жайында қалалық білім басқармасының басшысы мәлімдеді. Ал шеткі аудандағы «Рахатта» 3 ауысымды мектептің орнына 1500 орындық білім ордасы салынуда. Биыл қанша мектеп қолданысқа беріледі? Балабақшалардағы орын жетіспеушілігі мәселесі қалай шешілмек? Almaty.tv тілшісі Сая Меңдеке жалғастырады.

Қазір Алматыда мектептердегі оқушы орнының тапшылығы 30 мыңнан асады. Әсіресе, Алатаудағы «Рахат» шағын ауданында балалар 3 ауысымды мектепте білім алады. Ал Түрксіб ауданындағы №59 мектеп апатты деп танылған. Осы жайтты ескере отыра, білім беру ұйымдарындағы орын жетіспеушілігін жою мақсатында бүгінгі таңда арнайы жоспар бекітілген. 2020-2021 оқу жылында 2 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, орталықта орналасқан тағы 5 мектепте қосымша ғимараттар салынып, қолданысқа берілді. Ал 2021 жылы 8 мектептің құрылысы басталды.


Графика-1

Алматы қаласы білім беру саласы: 2020 жылдың қорытындысы


Мектеп:     - 2 мемлекеттік            1800 орын

                - 2 жекеменшік 1390 орын


Мектептерге қосымша ғимараттар салу – 2017 орынға арналған 5 ғимарат


«Алатау ауданында 5 мектеп, Наурызбай ауданында 2 мектеп, Түрксіб ауданында 1 мектеп. Соның ішіндегі «Рахаттағы» 3 ауысымды мектептің орнына 1500 орындық мектеп салынып жатыр. «Дархан» шағын ауданында бұрын мүлде мектеп болмаған, сонда салынып жатыр. «Өжет» шағын ауданында мектеп орын тапшылығы байқалады. Негізгі нүктелерде салынып жатыр мектептер. Одан бөлек, 17 мектептің территориясында 7 мың орынға қосымша жапсарлас ғимарат салу жалғасуда. Бұл білім беру ұйымдарының барлығы осы жылы, 2021 жылы қолданысқа берілетін болады», – деді қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

9 ай ішінде бой көтерген мына мектеп былтыр қыркүйекте қолданысқа берілді. Білім беру процесіне бірқатар өзгерістер енгізген пандемия жағдайында бұл мекемеде 1187 оқушы қашықтан оқып жатыр.

«Алматы қаласының әкімдігі, Алматы қаласының білім басқармасы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қысқа мерзімде «Астана құрылыс» компаниясы осындай жақсы мектеп салып берді және біз 1 қыркүйектен бастап оқуды бастап кеттік. Мектеп 1200 оқушыға арналған», – деді №202 мектеп-гимназиясының директоры Сәуле Тіреуова.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың халықпен кездесуінде көтерілген басты проблемалардың бірі – балабақшаға кезектің ұзақтығы. Мұның бірден-бір себебі  397 жекеменшік бөбекжайға мемлекеттік тапсырыс беріледі. Демек, ай сайын әр балаға 28 мың теңге қаржы бөлінеді. Соған қарамастан ата-аналар көбінесе мемлекеттік балабақшаларға кезек күтеді. Себебі мұнда төлемақы 18 900 теңге, тамақтанудың құнын ғана төлесе болғаны. Ал жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер тамақ құнынан бөлек, қосымша қызмет түрін көрсетеді. Сондықтан бұл ата-аналар үшін тиімсіз. Дегенмен бұл мәселе де оңды шешімін тапты.


Графика-2

 Алматы қаласы білім беру саласы: 2020 жылдың қорытындысы


3-6 жас - 21 мың бала

1-6 жас - 45 мың бала


Балабақша:             - 4 мемлекеттік

                              - 48 жекеменшік             2048 орын

«Алматы қаласының әкімі ұсыныс жасап, Білім және ғылым министрлігі қолдады. Сөйтіп, мектепке дейінгі мекемелердегі ережеге өзгеріс енді. Енді әр өңір өзінің шешімімен жекеменшік балабақшалардағы қосымша төленетін ақшаны жергілікті бюджет есебінен субсидиялап, өздері жауып бере алады», – деді қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Айта кетейік, өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында инвесторлардың көмегімен 32 бөбекжай және 1800 тәрбиеленушіге арналған кішігірім орталықтар салынған болатын.

Сая Меңдеке, Медет Саматұлы, Ескендір Тоғысбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров