Елімізде 8 облыста су тасқыны қаупі жоғары

Almaty.tv
Almaty.tv

Экология және табиғи ресурстар министрі ел аумағының 71 пайызы қар астында жатқанын жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

8 облыста су тасқыны қаупі жоғары. Үкімет отырысында осылай деген Экология және табиғи ресурстар министрі ел аумағының 71 пайызы қар астында жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ерлан Нысанбаев республиканың басым бөлігінде жауын-шашын көп түсетінін атап өтіп, бұл су тасқыны қаупінің артуына ықпал ететінін айтты. Ал елордада бірнеше күннен бері толассыз қар жауып, коммуналдық қызмет тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Ауа райының нашарлауына байланысты бас қаланың травматологиялық пунктеріне өткен тәулікте 91 адам түрлі жарақатпен көмекке жүгінген. Олардың арасында 25 бала бар. Соңғы күндері Астанада боран соғып, қаланы қалың қар басты. Бір түнде 18 мың 146 текше метр ақ ұлпа шығарылды.

 «Үш ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. Ең алдымен жаяу жүргіншілер жолын тазалаймыз. Таңертең бәрі жұмысқа барады ғой. Одан кейін аялдама, жол бойындағы қарды күрейміз», – деді жол жұмысшысы Гүлмайра Ташмағанбетова.

 «Жұмысқа сағат 8:00-де келеміз. Түркістан, Ақмешіт, Сауран, Сығанақ көшелерін тазалаймыз. Орынборға дейін төрт көшені. Ал сағат 23:00-де түнгі ауысымдағылар жұмысқа шығады», – деді  жол жұмысшысы Нұрмырза Мейірзақұлов.

Қала көшелерін тазалау үшін бір ауысымға Астана тазалықтың 600-ден астам техника мен 630 жұмысшысы жұмылдырылады. Ал республикалық жолдарды 800-ден аса арнайы көлік пен екі мыңға жуық маман тазартып жүр. Ауа райының бұзылуына байланысты бірқатар облыста қозғалысқа уақытша шектеу қойылған. Жолға жауаптылар жолаушыларға алыс сапарға шықпас бұрын 112 нөмірінен келген хабарламаларды ескерусіз қалдырмауды еске салады. Бүгінде «ҚазАвтоЖол» компаниясы трассаларды толассыз жауған ақ ұлпадан тазартып қана қоймай, қарғын сумен күреске дайындықты да бастап кеткен.

 «Бірден күн са, су басу қауіпі туындайды. Қазір 300-ге жуық қауіпті аймақ анықталды. Жол қызметі қауіпті кезеңде арнайы материалдарды дайындап, техникалық базаны жаңартып жатырмыз, – деді  «ҚазАвтоЖол» ҰК ресми өкілі Сәкен Ділдахмет.

Бүгін Үкіметте Экология министрі Ерлан Нысанбаев Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстарында тасқын қаупі жоғары екенін атап өтті.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Дастан Темірбекұлы, Астанадан

 

 

Новости партнеров