Рейдтер барысында 2246 жалдамалы тұрғын үй мен 221 хостелге тексеріс жүргізілді
Төтенше жағдай режимі басталғаннан бері полицейлер жағдайды тұрақтандыру, қоғамдық тәртіпті, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстың уақтылы алдын алып, жолын кесу мақсатында жергілікті-рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Рейдтер барысында 2246 жалдамалы тұрғын үй мен 221 хостелге тексеріс жүргізілді. 525-ке жуық көші-қон заңнамасын бұзу фактілері анықталып, 36 заңсыз келіп-кетуші қабылдап-тарату орнына орналастырылды.
Төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін елордада 196 азамат Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 476-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 16-сы қамауға алынды, қалғандарына айыппұл салынбақ.
Елорда тұрғындары коменданттық сағаттың енгізілгеніне қарамастан, қандай да бір қажеттілік болмаса да көшеде жүреді. Олардың арасынан төтенше жағдай режимін әдейі бұзушылар да кездеседі, оларға қатысты сот қамауға алу туралы шешім қабылдайды.
Қазіргі уақытта елордада жағдай тұрақты. Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіпті және азаматтардың қауіпсіздігін тиісінше қорғауды қамтамасыз етуде. Нұр-Сұлтандағы жағдай толықтай бақылауда тұр. Күдікті адамдар мен тыйым салынған заттарды анықтау үшін тәуліктік режимде 6 блокбекетте көлік құралдарының қозғалысына тексеріс жүрізіледі.
Дереккөзі: sputnik.kz