Солтүстік Қазақстан облысында мектеп ғимаратына жапсарлас салынған нысан қирады. Бұл туралы ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахмет мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«24 сәуір күні түнгі сағат 01.30 шамасында Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданының Тайынша кентіндегі №1 орта мектеп ғимаратына жапсарлас салынған апат кезінде сыртқа шығуға арналған аумағы 50 шаршы метр нысан опырылып түсті. Алдын ала мәліметтерге сәйкес ғимараттың тегіс орнықпауы салдарынан пайда болған тік жарықшақ нысанның қирауына түрткі болған», - деді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, абырой болғанда зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. «Мектептің коммуникациялық жүйесі бүлінген жоқ. Білім ордасында сабақ уақытша тоқтатылды», - деді Н.Нұрахмет.