Өткен тәулікте Солтүстік Қазақстан облысында 12 жолаушысы бар бес автокөлік эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ауа райы нашарлап, облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың жабылатыны аймақ тұрғындарына алдын ала ескертілген. Дегенмен, 112 хабарламасына селқос қарағандар да бар.
«Жергілікті маңызы бар Есіл және Ғабит Мүсірепов ауданында тасжолдарда қар құрсауында қалған 12 жолаушысы бар 5 жеңіл көлікті жергілікті атқарушы органдар мен «Атамекен-Агро» ЖШС қызметшілері эвакуациялады. Медициналық көмек қажет болмады», - делінген төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында. Мекеме мәліметінше, Ғабит Мүсірепов ауданындағы «Екатеринбург-Алматы» тасжолында МАN кюветке түсіп кеткен. Жүргізуші зардап шеккен жоқ. Құтқарушылар оны жол жиегіне шығарып, жүргізуші сапарын жалғастырды.
Төтенше жағдайлар департаменті тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желіні іске қосты - +7 (7152) 52-25-29. Ауа райы болжамы бойынша, бесінші қаңтар күні өңірде ауа температурасы жоғарылайды. Боран мен көктайғақ қаупі сақталады.