Мәнерлеп сырғанаушы, 2019 жылғы әлем вице-чемпионы Элизабет Тұрсынбаева анасы Падишахан Сұлтаналиеваның Қазақстанның мәнерлеп сырғанау саласына қатысты сөзіне түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Анамның сөзі үшін кешірім сұраймын. Өкінішке қарай, екеуіміз екі жақтамыз. Анам қазір Мәскеуде, мен Қазақстандамын. Мен бұл жағдайды бақылаған жоқпын. Оны бәрібір жақсы көремін. Артық айтқаны үшін уайымдап жүрген болар», – деп жазды Элизабет Тұрсынбаева Instagram желісінде.
Ол анасы ашық адам екенін айтты. Әркімнің өз ойы болатынын атап өтті.
Спортшы Ұлттық Олимпиада комитеті, Қызылорда облысының басшылығы мен мәдениет және спорт министрлігіне әрдайым қолдау көрсеткені үшін алғасын жеткізді.
«Менде бәрі жақсы. Әлемдік аренада Қазақстан атынан мақтанышпен өнер көрсеттім», – деп түйіндеді Тұрсынбаева.
Ол желі қолданушыларынан анасының сөзіне қатысты жағымсыз пікір жазып уақыт жолғатпауды сұрады.
Айта кетейік, жуырда спортшының анасы Падишахан Сұлтаналиева ресейлік «Матч ТВ» телеарнасына сұхбат берді. Ол Олимпиадаға Ресей емес, Қазақстан атынан шығу дұрыс шешім болмағанын айтты.
«Біз мәнерлеп сырғанау спорты жоқ ел атынан өнер көрсету қаншалықты қиын екенін түсінбедік. Сен намысын қорғаған елді әлемдік аренада мәнерлеп сырғанау елі ретінде құрматтемесе, нағыз тозақ. Өз төрешісі, техникалық бақылаушысы, мұздан тыс ешбір қолдауы жоқ», – деді Падишахан Сұлтаналиева.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, 2019 жылғы әлем вице-чемпионы Элизабет Тұрсынбаева карьерасын аяқтағанын мәлімдеген болатын. Ол карьерасын аяқтауға арқасынан алған жарақаты себеп болғанын айтты. Ол ұзақ уақыттан бері денсаулығы мазалап жүргенін жасырмады.
Мәнерлеп сырғанаушы халықаралық сайыстарда барлығы 39 медаль иеленді. Олардың 17-і алтын. 2019 жылы әлем чемпионатында күміс жүлде алды.
Дереккөзі: Sputnik.