Алматы тұрғындары коммуналдық қызмет ақыларын кейінге шегере алады – Бақытжан Сағынтаев

express-k.kz
express-k.kz
Наурыз және сәуір айларына келген түбіртектерді жыл соңына дейін төлеуге болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында коронавирустың таралуына қарсы карантин жариялануына байланысты қиын жағдайға тап болған тұрғындар коммуналдық қызмет ақыларын кейінге шегере алады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.

«Алматыда коронавирустың таралуын мүмкіндігінше тезірек тоқтату үшін қатаң шектеу шараларының қажеттігі туындады. Сауда орталықтарының, киім-кешек базарлардың, мектептер мен балабақшалардың, кафелердің, түрлі салондардың және басқа да қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындардың жұмысын уақытша тоқтатуға тура келді. Біраз жұрт ақысыз еңбек демалысына кетуге, енді бірі қысқартуға ілікті. Бұл жағдай аз қамтылған және жұмыссыз жүрген жандарға ауыр тиді.

Қиын жағдайға тап болған алматылықтарды қолдау үшін монополистермен лифт пен қоқысты шығаруды қоса алғанда, барлық коммуналдық қызметтер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру туралы келісімге келдік», – деді қала әкімі өзінің Инстаграм парақшасында.

Бақытжан Сағынтаев наурыз және сәуір айларына келген түбіртектерді жыл соңына дейін төлеуге болатынын, бұл ретте төлемді кешіктіргені үшін өсімақы мен айыппұл есептелмейтінін атап өтті.

Сондай-ақ, карантин кезінде қызмет көрсетушілер электр, су, жылу, газ және телефон байланысында қарызы бар тұтынушыларды ажыратпайды.



Новости партнеров