Тұрғындар ауыл әкімдеріне қандай талаптар қояды – сауалнама

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
25 шілдеде 730 ауылдың әкімі сайлау арқылы қызметке келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Nur Otan партиясының қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева алдағы ауыл әкімдерін сайлау туралы халық арасында жүргізілген сауалнама туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

25 шілдеде Қазақстанның бірқатар өңірлерінде түрлі деңгейдегі 730 әкім тікелей сайланады. 

«Ауыл әкімдерін сайлау – саяси жаңғырудың жаңа кезеңі. Осы кезеңнен бастап бізде «ауыл әкімі» дейтін тағы бір сайланбалы лауазым пайда болды. Осы уақытқа дейін Қазақстанда бір ғана сайланбалы лауазым болған еді. Ол – ҚР Президенті. Алдағы сайлаудың ерекшелігі – азаматтардың ауылдық аумақтарды дамытуға қатысуын кеңейту. Енді жергілікті маңызы бар мәселелерді тікелей ауыл тұрғындары шеше алады. Сондай-ақ, саяси партиялар үшін де, белсенді азаматтар үшін де саяси бәсекелестікті дамытуға жақсы мүмкіндік туындап тұр. Яғни, өзін-өзі ұсыну тәжірибесі дербес азаматтарға бақ сынауға жол ашады», деді Мәдина Нұрғалиева. 

Институт директоры алдағы сайлаудың тағы бір маңызды элементі ретінде бюллетеньдерде «Бәріне қарсымын» деген бағанның болуын айрықша атады. Оның айтуынша, бұл демократиялық тәжірибенің дамуынан туындаған талап. «Сайлау науқаны қызықты басталды деуге болады. Мыңдаған адам өз-өзін ұсынып жатыр. Үміткерлердің 60% -ы өзін-өзі ұсынып отыр. Қалған 40%-ын саяси партиялар ұсынған»,– деді Мәдина Нұрғалиева. 

Бұған дейін айтылғандай, 25 шілдеде 730 ауылдың әкімі сайлау арқылы қызметке келеді. Ал жыл соңына дейін тағы 45 ауыл әкімі сайлануы тиіс. 

«2021 жылы барлығы 775 ауыл әкімі сайланады. Осылайша жыл аяғына қарай ауыл әкімдерінің құрамы үштен бірге жаңарады. Елімізде барлығы 2346-ға жуық ауыл әкімі бар. Жыл сайын біртіндеп жаңарып отырады»,  деп атап өтті Nur Otan партиясы қоғамдық саясат институтының директоры. 

Мәдина Нұрғалиева ауыл тұрғындарын барынша ойланып дауыс беруге шақырды. 

«Тұрғындарға ауылдың нақты мәселелерін шеше алатын, жауапкершілігі мол, білімді және сауатты адамды таңдау дұрыс екенін түсіну керек»,– деді сарапшы. 

Nur Otan жанындағы қоғамдық саясат институты осы сайлауға байланысты ел арасында сауалнама жүргізген көрінеді. 

«Біз елдің пікірін теру арқылы ауыл әкімі болуға лайық адамның портретін жасауға тырыстық. Болашақ әкімге қойылатын міндетті талаптар ретінде ауылдық респонденттер жоғары білімінің және басшы лауазымдардағы жұмыс өтілінің болуын, сондай-ақ мемлекеттік тілді білуін басты талап ретінде қояды. Сауалнамаға 3 мың ауыл тұрғыны қатысқан болатын»,– деді Мәдина Нұрғалиева

Заңға енгізілген өзгертулер мен түзетулер бойынша, бұл шара 24 шілде сағат 0.00-ге дейін жалғасады. Сайлау науқанының жалпы мерзімі – 30 күн. Ал іс басындағы әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда сайлау 40 күн бұрын жарияланады және жұмыс істеп тұрған әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтуі тиіс; 

– Іс басындағы әкімнің өкілеттігі тоқтатылған жағдайда сайлау әкімнің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап бір ай ішінде тағайындалады және тағайындалған күнінен бастап 30 күн ішінде өтуі тиіс. Кандидаттарды ұсыну сайлау жарияланғаннан кейінгі келесі күні басталып, сайлау күнінен 15 күн бұрын аяқталады. Яғни, тағайындау мерзімінің ұзақтығы 14 күнге жетуі мүмкін. Осы уақыт ішінде кандидат тіркеуге қажетті құжаттарды жинаумен айналысады. Кандидаттарды тіркеу сайлау күнінен 10 күн бұрын аяқталады. Осы кезеңде аумақтық сайлау комиссиясы ұсынылған құжаттардың дұрыстығын тексереді. Сайлау күнінің алдындағы соңғы онкүндікте үгіт-насихат іс-шаралары және сайлаудың өзіне дайындық жүзеге асырылады. Сайлау өткізілгеннен кейін үш күн ішінде қорытынды шығарылады, жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүзеге асырылады. Бұл ретте сайланған әкімнің өкілеттігі оны тиісті аумақтық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталады. Алдағы сайлауды үйлестіретін сайлау комиссияларының өкілеттіктері де нақтыланған. Сайлауды тағайындауға, кандидаттарды ұсынуға және тіркеуге байланысты негізгі сайлау іс-шараларын аудандық (қалалық) аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Дауыс беру күніне байланысты сайлау рәсімдерін учаскелік сайлау комиссиялары іске асырады. Облыстық аумақтық сайлау комиссияларына заңдылықтың сақталуын бақылау, сондай-ақ қаржылық, материалдық-техникалық және әдістемелік қамтамасыз ету мәселелері жүктелген. Орталық сайлау комиссиясы сайлау заңнамасының біркелкі қолданылуын, аумақтық сайлау комисисялары қызметінің «Сайлау туралы» заңнама талаптарына сәйкестігін бақылауды, сондай-ақ науқанды жалпы әдіснамалық сүйемелдеуді жүзеге асырады. Кандидат төлейтін сайлау жарнасының мөлшері ҚР заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде тең – 42 500 теңге.

Өңірлердің ауқымын есепке алмастан саралайтын болсақ, бұл жолғы сайлауда әкімін анықтайтын елді мекендер саны бойынша Ақмола облысы көш бастап тұр. Мұнда бір күнде 95 ауыл мен ауылдық округтің, аудандық маңызы бар қала мен кенттің әкімі сайланады. Алғашқы үштікті Шығыс Қазақстан (77) және «Қарағанды облыстары (75) түйіндеп тұр. Ал Маңғыстау облысында бұл жолы бар-жоғы 10, Атырау облысында 18 елді мекеннің әкімі тікелей сайлау арқылы қызметке келмек.

Новости партнеров