Сейсмологтар Алматыда жойқын жер сілкінісі болатынын жариялаған блогердің болжамын жоққа шығарды. Әлеуметтік желіде кеңінен тараған бейнежазбада ер адам ғылыми дәлелсіз 15 қаңтарда Алматыда қатты дүмпу болатынын айтқан еді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған мәлімдеме көпшілікті толғандырған болатын. Мамандардың айтуынша, жақын күндері мегаполисте күшті жер сілкінісі болмайды. Олар мұндай болжамды ғылыми зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып жасаған. Себебі сейсмикалық стансалардың ақпараттары үнемі оқылып, орталық обсерваторияда кезекшілер секунд сайын жағдайды бақылайды. Сондықтан дүрбелеңге негіз жоқ.
– Алматы қауіпті аумағында шоғырланған 30-дан астам сілкініс бекеті бар. Сол сілкініс бекеттерінің деректері жедел түрде орталыққа жиналып, өңделіп, талдау жасап және пайымдап, ғылыми лабораторияларда белгілі бір шешім қабылданып, ол шешімдер дер кезінде тиісті мекемелерге жіберіліп тұрады, – деді ҚР ТЖД Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары Нұрсәрсен Өзбеков.
Маманның айтуынша, жыл ішінде сейсмологтар 52 нәтиже жасап, төтенше жағдайларды жою органдарына тікелей жіберіп отырады. Қорытындыға сәйкес, 10-17 қаңтар аралығында Алматы сейсмикалық белсенді өңірінің аумағында күшті дүмпулер күтілмейді. Сондай-ақ қалалық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мұндай жағдайда қалай әрекет ету керек екенін еске салды.
– Төтенше жағдай жарияланған кезде жағдайды ушықтырмас үшін газ, су және электр қуатын өшіру керек. Әр адам қауіпсіз орынды өзі анықтай алады. Үстіне ештеңе құлап, жаншылып қалмайтын ашық алаң болғаны дұрыс. Алматы аумағында картада көрсетілген қауіпсіз орындар бар. Бұл – зардап шеккен тұрғындарды қабылдау пункттері, – деді ТЖД Басқарма басшысының міндетін атқарушы Бекболат Бұғабаев.