Елдегі өлім-жітім жағдайының төрттен бір бөлігі қан айналымы жүйесіндегі ауруларға тиесілі
Қазақстанда өлім-жітім жағдайы бір жылда 7,5 пайызға азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ranking.kz ақпарат көзіне сілтеме жасап.
Ranking.kz зерттеуіне сенсек, осы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 31,2 мың адам көз жұмған. Бұл – бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 7,5 пайызға төмен. Осы адамның ішіндегі 61,4 пайызы (19,2 мың) – қала халқы болса, 38,6 пайызы (12 мың) – ауыл тұрғындары.
«Гендерлік айырмашылық жағынан көз жұмған ер адамдардың саны әйелдердің санынан артық. Нақтырақ айтқанда, осы жылдың үш айында 14,4 мың әйел, 16,8 мың еркек о дүниелік болған. Аймақтарды салыстырар болсақ, өлім-жітімнің көп жағдайы Шығыс Қазақстанда (3,3 мың адам – 2019 жылдың алғашқы үш айында 3,7 мың адам болған) тіркелген. Одан кейінгі тізімде Алматы облысы (3,2 мың адам - 2019 жылдың алғашқы үш айында 3,5 мың адам болған) мен Қарағанды облысы (3,1 мың адам - 2019 жылдың алғашқы үш айында 3,5 мың адам болған) тұр», – делінген зерттеу қорытындысында.
Жалпы өлім-жітім жағдайы 17 аймақтың 13-де байқалады. 4 өңірде ғана, атап айтқанда БҚО (+3,4%), Шымкентте (+2%), Маңғыстау облысында (+1,3%) және елордада (+0,2%) аздаған өсім бар.
«Елдегі өлім-жітім жағдайының төрттен бір бөлігі немесе 23,7% (7,4 мыңы) қан айналымы жүйесіндегі ауруларға тиесілі. Оның ішінде 166 өлім гипертониялық аурудан, 2,5 мың жағдай жүректің ишемиялық ауруынан, 2,7 мыңы мидың тамырлы зақымдануынан келеді. Ал оқыс оқиғалар мен уланудан, жарақаттардан 2,4 мың өлім жағдайы тіркелген», –делінген зерттеуде.