Тоқаев: «Алматыда басқа өңірлерге үлгі болатындай көп жұмыстар атқарылып жатыр»

29.10.2019 17:54

Мемлекет басшысы қаланың дамуын бәсеңдетіп алмауды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға іс-сапармен келді. Осыған орай Мемлекет басшысының төрағалығымен мегаполисті экономикалық-әлеуметтік бағытта дамыту турасында жиналыс өтті. Шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев қаланың дамуын алға тартып, атқарылатын мәселерелерді айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көрсеткіштер әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасын көрсетіп отырғанын жіпке тізді. Қала әкімінің айтуынша, бірінші  жартыжылдықта жалпы өңірлік өнім өсімі 4,1 пайызды құраған. Өнеркәсіп 5,9%-ға артып, инвестиция - 5,5%-ға, құрылыс - 3,1%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру - 2,8%-ға өскен. Жұмыссыздық деңгейі болса-5,1%-ға дейін төмендегенін тілге тиек етті. Сондақ-ақ, салықтық түсімнің өткен жылға қарағанда 12,4%-ға көп жиналғаны айтылды. Әкім, қаладағы әлеуметтік түйіткілдердің  де шешілу жағын сөз етті.

«Ағымдағы жылы 900 балаға шақталған екі мектеп пен 3 бала-бақша пайдалануға берілді. Келесі жылы 5 бала-бақша мен 3 мектеп бой көтермек. Сондай-ақ, қоғамдық көлік мәселесін тездетіп шешуге кірістік. Инвесторлардың есебінен қалаға 202 автобус сатып алынды. Ал жергілікті әкімдік тарапынан газбен жүретін 230 жаңа автобусты әкелу қарқыны басталып кетті. Жыл соңына дейін толықтай тұрғындарға қызмет етеді деп күтілуде. Бұдан бөлек, ауыз су мәселесі де басты назарымызда. 3 жылдың ішінде 100 пайыз толықтай қамтитын боламыз. Қазір 23 шеткі шағын аудан орталық су жүйесіне қосылмаған. Оның 11-інде жұмыстар басталды», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Бас қосу барысында бұдан бөлек, қаладағы кәсіпкерлердің қарқыны да сөз етілді. Жыл соңына дейін Алатау ауданындағы индустриалды аймақта тағы 7 кәсіпорын іске қосылып, 1500 жұмыс орны ашылмақ.

Оған қоса, жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 554 шағын және орта кәсіпкерлікке 3,7 миллиард теңге көлемінде субсидия берілді. Нәтижесінде іскерлер ісінің 8 пайызға артқаны бар. Алматының республикадағы негізгі драйвер екенін атап өткен мемлекет басшы қаланың дамуын бәсеңдетіп алмауды алға тартты.

«Еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Сондықтан, экономиканың және де басқа да басқару жүйесінің тимділігін арттыруға ерекше назар аударуымыз қажет. Мен үшін әкімдердің жұмысындағы негізгі көрсеткіш – инвестиция тарту және жаңа жұмыс орнын ашу. Сондай-ақ, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта бизнестің өркендеуіне жағдай жасау, экологияны қорғау аса маңызды міндеттер. Бұл мәселелерді өзімнің сайлауалды бағдарламамда айтқанымды жақсы білесіздер. Осы орайда, Алматының зор әлеуетін және мән-маңызын атап өту қажет. Қалада басқа өңірлерге үлгі болатындай көп жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен, қаланы әрі қарай дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту күн тәртібінен түспейтін міндет», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.