Елімізде құқығы тапталған, заңнамалық тұрғыдан тығырыққа тірелген азаматтарға тегін кеңес берілуде. «Қорғау деп аталатын бұл бастама аясында республика бойынша бас-аяғы 200-ден астам заңгер қызмет етеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Азаматтық істер бойынша ақпарат беретін мамандар, телефон арқылы да шұғыл мағлұмат айтуға да кірісіп кеткен. Алматыдағы кеңсеге күніне кем дегенде 20-ға жуық тұрғын кеңес сұрап хабарласып, кеңес алуға келеді екен.
«Адамдар бізге сан түрлі сұрақпен келіп жатады. Көбінесе отбасылық мәселелерге, банктік проблемаларға, сондай-ақ, көпбалалы аналардың тарапынан келіп түсетін сауал өте көп. Азаматтық істерге қатысты барлық сауалдарға жауап берудеміз. Шағымданушы тараптың қайда, кімге, қалай арыз-шағымын жазып, әрбір бағытына жол сілтеп отырамыз. Көмек қажет азаматтар болса, Алматы қаласы бойынша Шевченко көшесі 111-ші үйде орналасқан 3-ші кеңсеге келулеріне болады. Байланыс нөміріміз 293-09-47, 292-42 -74», – деді «Qоrǵau» жобасының Алматы қаласы бойынша заңгері Анна ДАНАЛИНА.
«Қорғау» жобасы еліміздің ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүргізілуде. Бастысы – бұқараға барлық қызмет тегін көрсетіледі.
«Менде жол-көлік апатына қатысты мәселе болды. Сақтандыру компаниясы шығынды өтеуден басында қашқақтады. Осы жерге келіп, бар мағлұматты алып, сауатты арыз жазуға, әрі қарай не істеу қажет деген сұраққа толыққанды жауап алдым. Қазір мәселе менің мүддеме шешілді»,– деді Денис ВЕТИШЕВ.