«Адамзаттың Асылы – Мұстафа». Осындай атаумен Мұхаммед Пайғамбардың туған айына арналған мәуліт кеші онлайн өтті. Рухани іс-шараны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және ұйымның қалалық өкілдігі ұйымдастырды. Мәуліт мейрамына орай өткен кеште Алла елшісіне арнап, мадақ өлеңдері оқылып, діни өсиеттер айтылды. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.
«Мәуліт» араб тілінен «туған күн» деп аударылады. Яғни, Адамзаттың абзалы Мұхаммед Пайғамбардың жер бетіне Рахым етіп жіберілген шағы. Бұл күндері барлық мешіттерде Аллаға мадақ, Пайғамбарға салауат айтылып, ел амандығы үшін дұға жасалады.
«Әрине, бұл – мәуліттік мерекелік кеші. Пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. туған айына, Пайғамбарымыздың туған күніне осылай арнайы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы дәстүрлі кеш өткіземіз. Бұл кеште, әрине, Пайғамбарға салауат айтылады, ел үшін дұға етіледі», – деді қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай.
Кеш шымылдығын ақын, сазгер Жәкен Омаров мәуліт жырымен ашты. Көрермен көңіліне ой салатын, жүрекке иман нұрын ұялататын бейнеролик көрсетілді. Құран оқылып, салауаттар айтылды.
Рухани жиында Алла елшісінің өмірінен сыр шертер қойылымдар да көпшілік назарына ұсынылды. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театры және «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театры арнайы әзірлеген ғибратты қойылымдарын сахналады. Өз кезегінде көрермен игі іске ұйытқы болған жандарға ыстық ықыластарын жеткізді.
«Жалпы онлайн мәуліт берудегі мақсат – қазақ елін руханиятқа, имандылыққа, қазақы тәрбиелеуге баулу. Соның ішінде адамзаттың асылы Мұхаммед Пайғамбарымыздың өмірбаянымен таныстыру. Жалпы жылдан-жылға даму бар. Биыл өте жоғары деңгейде ұйымдастырған екен. Көп-көп рахмет», – деді исламтанушы, ұстаз Ермек Көкірекбаев.
«Аллаға шүкір бүгін Пайғамбарымызды үлгі тұтқан, бүкіл мұсылмандарға ұстаз болған Алланың елшісін дәріптеп, мәуліт мерекесін ұйымдастырған екен. Алла разы болсын! Осы мәліт мерекесін ұйымдастырған жандардың барлығына Алла тағала сауаптан жазсын!» – деді Қарағайлы мешітінің бас имамы Асқарғали Сатыбалдиев.
Мәуліт – мұсылман қауым үшін ең қадірлі айлардың бірі. Биыл мейрам қазанның 18-і мен қарашаның 16-ы аралығына түскен. 30 күнге созылған қасиетті айда мешіттерде түрлі шара ұйымдастырылып, Пайғамбардың өнегелі өмірі кеңінен насихатталды.
Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы