Алматыда оқушылар арасында шешендік сөздерден жарыс өтті

05.11.2019 18:16

Биыл екінші рет өтіп жатқан байқаудың басты мақсаты – оқушыларды кітап оқуға, жан-жақты ізденуге үйрету

Алматыда еліміздің 10 облысынан келген 40 оқушы би-шешендердің толғауларын жатқа айтып жарысты. Биыл екінші жыл қатарынан өтіп жатқан байқаудың басты мақсаты – оқушыларды кітап оқуға, жан-жақты ізденуге үйрету, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жарыста шешендік толғауды жатқа айтудан бөлек, кез келген жерінен іліп әкету қажет. Ұйымдастырушылар қатысушылардың ешқайсысын сый-сияпатсыз қалдырмаймыз деп отыр.

«Ахмет Байтұрсынов атамыз айтады: «Өнер алды – сөз өнері» дейді. Сондықтан, біз бүгін міне ұрпақтарымыздың тілін, тегін білмей жатқан кезде мына би-шешендердің керемет шешендік сөздерімен осындай жарыстар өткізіп, бір дүр сілкіндіріп сөз мәдениетін қалыптастырып, тіл тазалығын сақтау мақсатында осы «Ділмар» шешендік өнер байқауын өткізіп отырмыз», – деді Алматы қаласы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернаттың директоры Роза СЕКСЕНОВА.

«Ділмар» шешендік байқауына биыл бірінші рет қатысуым. Біз ұстазым екеуміз бүгінгі жарысқа әр түрлі би-шешендердің сөздерін жаттап, үлкен дайындықпен келдік. Бірінші кезеңнен сәтті өткен сияқтымын. Бүгінгі байқаудан жүлделі орын аламын деген ойдамын», – деді байқауға қатысушы Ақниет МАМАН.

Теги: ораторы