Елбасы Түркістан облысындағы жаңа құрылыс нысандарын ашты

05.11.2019 21:29

Назарбаев Түркістандағы Салтанат сарайында болып, Халыққа қызмету орталығының жұмысымен танысты

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысындағы мәдени-ағарту нысандарының құрылысын тексерді. Аталған өңірге жұмыс сапарымен барған Елбасына Тұңғыш Президент Саябағындағы ойын-сауық паркінің құрылыс жобалары таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ, Елбасы желілік саябақ жасау жоспарын көріп, қалалық Арбатты қайта қалпына келтіру жұмыстарын көрді. Одан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанның рухани-мәдени орталығы алаңында өткен концертке қатысып, қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.  

«Астананы таңдаған кезде де келіп, біраз ойландым. Бірақ оған жағдай болмады, өздеріңіз білесіздер. Енді міне, уақыты келді. Түркістан қаласын облыс орталығына айналдырып, қайтадан жандандырып, елімізге осы киелі ортаны қайтару мүкіншілігі қолымызға тиді. Сондықтан бұл енді бүкіл түркі дүниесінің орталығы екені белгілі. Оңтүстіктегі ағайындар - Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан барлығы қуанып жатыр», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Тұңғыш Президентіміздің айтуынша, Түркістанда алғашқы кезеңде 175 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Оның 100-і жылдың соңына дейін пайдалануға берілмек. Бұл ретте Түркістан 5 негізгі бағытта дамиды. Әуелі, қолөнер дәріптеледі, сауда-саттық пен ұлттық құндылықтар қатар насихатталады. Ал ең негізгісі - Яссауи кесенесімен оның айналасындағы көне қалалар туристер тамашалайтын жерге айналмақ.

«Биыл Отырар, Түркістан қалаларында сапар орталықтарын ашу көзделген. Ал 2020 жылы Сайрам және Сауран қалаларында осындай орталықтар ашылады. Сондай-ақ, келесі жылы Түркістан халықаралық әуежайы пайдалануға берілетін болып жоспарланып отыр. Туризмді дамытуда матариалдық емес мәдени мұраның бөлігі ретінде қолөнерді сақтауға, дамытуға және көрсетуге ерекше назар аударылады. Биыл Түркістанда қолөнершілердің ауқымды орталығын ашу жоспарлануда. Келесі жылдан бастап бұл тәжірибе Қазақстанның барлық қалаларында кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА.