Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві 2022 жылғы 19–21 қазанда Алматы қаласында халықаралық мамандардың қатысуымен «Ашық қоғамға – ашық Архив» атты архившілердің Конгресін өткізеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Шара аясында «Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» мектептік оқу-зерттеу жұмыстарының байқауы ұйымдастырылуда. Байқау арқылы балалар өз отбасының тарихын зерттеу арқылы ата-бабасының тарихын, ар жағында халқының тарихын таниды.
Кеше ҚР Президенті Архивінде конкурсқа қатысып жатқан Алматы қаласының 7–10 сынып оқушыларына әдістемелік көмек көрсету үшін Ринат Шаяхметов шақырылып, танымды кездесу өтті. Бұл кездесуге оның таңдалуына бекер емес, себебі Ринат Равильұлы әуесқой өлкетанушы, өз отбасының тарихын зерттеген азаматтардың бірі. Сондай-ақ ол Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған (1946–1954 жылдары) Жұмабай Шаяхметовтің немересі және биыл ҚР Президентінің Архиві тарапынан дайындалып, жарияланған «Жумабай Шаяхметов. Документы и материалы» құжаттық жинағының құрастырушыларының бірі.
Кездесу барысында Ринат Равильұлы ғылыми-зерттеу жұмысында отбасы архивінің алатын орны ерекше екенін айтты. Өзінің көпжылдық архивтердегі жұмыс тәжірибесіне, отбасы тарихын зерттеудегі әдіс-тәсілдеріне тоқталды. Ол жұмысты қалай, неден бастау керек, неге мән беру қажет деген сұрақтарға жауап берді. Бұл кездесудің ерекшелігі – Ринат Шаяхметов балалармен бала тілінде сөйлесе алды. Себебі бір сағатқа жоспарланған кездесу екі сағатқа созылды. Оқушылар да Ринат Равильұлының басынан өткен қызықты оқиғаларын ұйып тыңдады. Ол әр адамның өмірге келуінің өзі жеңіс екенін және қандай жағдай болмасын алға жүру қажеттігін айтты. Себебі әр пенденің осынау үлкен ғаламда өзіне тиесілі өмірі, бақыты, қуанышы, қиындығы болатынын жеткізді және адаспай өз орындарын табуға тілектестігін білдірді.
«Менің отбасымның тарихы архив құжаттарында» мектептік оқу-зерттеу жұмыстарының конкурсын Алматы қаласы Білім басқармасы да қолдады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау Балалар жылы аясында өткізіліп отыр. Оқушылар өз отбасы ғана емес, сонымен қатар болашақта еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге ынталанады әрі алдағы уақытта құжаттық деректермен жұмыс істеуге дағдыланады деп сенеді.
Кездесу соңында қатысушылар Ринат Шаяхметовке құжаттармен жұмыс барысында туындайтын мәселелер бойынша сұрақтар қойып, оларды бірге талқылады. Балаларға естелік ретінде кітаптар сыйға берілді. ҚР Президентінің Архивінде өткен ерекше кездесуден оқушылар көңілді тарқасты.