Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің басшысы болып полиция полковнигі Ержан Сәденов тағайындалды, деп хабарлайды Тengrinews.kz.
Полиция департаментінің жаңа бастығын жеке құрамға Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев пен қала әкімі Бақыт Сұлтанов таныстырды.
Сәденов Ержан Сапарбекұлы 1968 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін, Қарағанды қаласындағы Қазақстан Республикасы ҰҚК-нің жоғарғы мектебін тәмамдаған.
1993 жылғы шілдеден бастап Ішкі істер органдарында орта және аға басқарушы құрамның әртүрлі жедел лауазымдарында қызмет атқарған. Басшылық лауазымдардағы тәжірибесі мол. Әр жылдары Риддер, Өскемен қалалары полиция басқармаларының, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, Маңғыстау облысының Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, ІІМ Жедел департамент бастығы, Көліктегі полиция департаментінің бастығы болып қызметті етті. 2016 жылғы маусымнан бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ақмола облысының Полиция департаментінің бастығы лауазымын атқарған.