Нұр-Сұлтан қаласында мейрамхана қонақтарының банк картасынан ақша ұрлады деген күдікті ұсталды, деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицияға осы мәселе бойынша төрт адам арыз берген.
«Жедел іздестіру шарасы барысында елордалық полицейлер Нұр-Сұлтан қаласының 22 жастағы тұрғынын ұстады. Қаладағы көңіл көтеру орталықтарының бірінде даяшы боп істеген ол келген қонақтарынан POS-терминал арқылы төлем қабылдаған кезде реквизиттерін көшіріп отырған. Ары қарай, сол мәліметтерді пайдаланып, интернет банкинг арқылы қаражат жымқырып отырған», - делінген полиция хабарламасында.
Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Бүгінде ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-бөлігі 4-тармағы («Ұрлық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің өкілдері ешкімге картаның мәліметтерін, пин-кодын, CVV-кодын және бір реттік паролін бермеуге шақырады. POS-терминал арқылы төлеу кезінде сақ болыңыздар. Егерде төлем картасына қатысты қандайда бір алаяқтық әрекетін сезсеңіздер, оны дереу бұғаттап, мына нөмірлер бойынша полицияға
хабарласыңыздар: 8(7172)71-62-91 немесе 102.