Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына биыл 95 жыл. «Алматы» телеарнасының тілшісі Азамат Әуезхан Отан қорғаушылар күніне орай келесі материалды дайындау барысында Құрлық әскерлерінің әскери институтына арнайы барған еді. Оқу орнында батыр атамыздың шөбересі білім алып жатқанын біліпті. Курсанттың да аты-жөні – Сағадат Нұрмағамбетов.
Болашақ сарбаздың қабырға газетінде бейнеленген адамдарды тізіп айтып жатқанда, оның Сағадат Нұрмағамбетовтың шөбересі екені ойымызға кіріп те шыққан жоқ. «Бұл біздің әулет» дегені сол еді, таңданысымызды жасыра алмадық.
«Мынау біздің отбасы. Сағадат Нұрмағамбетов, міне, менің әкем, анам. Мен кішкентай кезімнен бастап үлкен атамды өзіме үлгі тұтамын. Сол себептен әскер сапына қосылып, өз отаныма қызмет етуді жөн көрдім», - дейді жас сарбаз Сағадат Нұрмағамбетов.
Ал, генерал Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы, Еңбек ауылында дүниеге келген. Әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш қорғаныс министрі, «Халық қаһарманы».
«Кішкентай кезімде әскери өмірдің қыр-сырын үйретіп кетті. Әскери қызметтің оңай еместігін түсіндіретін. Көптеген қиыншылықтар болатынын, сол қиындықты қалай еңсеру керектігін айтып жүретін», - дейді батырдың шөбересі.
Атасының аты-жөнімен аттас шөберені курсанттың ата-анасы аңыз адамға ұқсасын деп қойса керек. Сағадат қазір Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында білім алады. Өзге замандастары секілді оның да арманы біреу – еліне қалтқысыз қызмет етіп, генерал шенін алу.
Институт қабырғасында танысып, дос болып кеткен Сағадат пен Ғазиз бос уақыттарын бірге өткізеді. Әскерилер отбасында тәрбиеленген Сағадат сөзден гөрі істің адамы. Ал Ғазиз керісінше. Бірақ екеуін де Отан алдындағы міндет біріктірген.
«Егер бұл жерге келген жас сарбаздар әскери қызметті міндетім деп ойласа, оларға ауырлау болады. Ал, бұл мамандықты сүйіп таңдаса ғана еш қиындық көрмейді. Бізге бұл жерде бәрі ұнайды», - дейді ҚР ҚК Құрлық әскерлерлері әскери институтының курсанты Ғазиз НҰРЫМХАН.
Негізі 1970 жылы қаланған әскери институт жарты ғасырға жуық уақыт аралығында 17 мың офицерді тәрбиелеген. Қазір оқу орны 12 мамандық бойынша білікті мамандардарды дайындауда. Жыл санап курсант атанғысы келетіндер саны артып келеді. 1 орынға кем дегенде 7-8 бозбала таласады екен. Құрлық әскерлері әскери институты өзге мемлекеттердің де жастарын қабылдауға дайын.
«Біздің курсанттар шетелге шығып, тәжірибе алмасып тұрады. Бізге де келетіндер көп. мәселен, бір ай бұрын Веспойнттың кадеттері келіп, біздің курсанттармен жаттығып, бірге тамақ ішіп, бірге отырып оқуын оқыды. Жақсы бағаларын беріп жатыр. Жуырда Пәкстан, Үндістан, Өзбекстаннан да курсанттар келді. Енді 1-2 жылдың ішінде біз де өз сарбаздарымызды шетелге жіберсек деп ойлап отырмыз», - дейді ҚР ҚК Құрлық әскерлері әскери институты басшысының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары Жұмабек ХАСЕНОВ.
Әскери институттан білім алып шыққан түлектер әскери салада жоғары шенде қызмет атқарған. Жетпістен астамы генерал атағын алыпты. Бәлкім біз де болашақ генералдардан сұхбат алған шығармыз. Лайым-солай болғай. Бастысы – елдің амандығы мен жұрттың тыныштығы бұзылмасын.
Азамат Әуезхан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы