Бүгін аты аталған әрбір дәрігердің артында үлкен ұжымның қажырлы еңбегі тұр
Мереке қарсанында Президент Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың медицина қызметкерлеріне мемлекеттік наградаларды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бақытжан Сағынтаев Instagram парақшасында марапаттар жанқиярлық еңбек пен кәсіпке деген адалдықтың өтеуі ғана емес, халықтың алғысы екенін жазды.
«Бұл – қызметіне адал ақ халатты абзал жандарға көрсетілген әділ құрмет пен алғыс. Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген алтын қолды дәрігерлердің өлшеусіз еңбегінің маңызын жақсы білеміз. Бүгін аты аталған әрбір дәрігердің артында үлкен ұжымның қажырлы еңбегі тұр. Онсыз бұл қиындықты еңсеру мүмкін емес еді. Бұл жағдай еңбегі ерен дәрігерлердің отбасыларына да оңай соқпағаны анық. Сіздер, өз ісіне берілген білікті мамансыздар. Біз сіздерді қолдаймыз, біз сіздермен біргеміз. Барша алматылықтардың атынан сіздерге алғыс айтамын!» – деді Б. Сағынтаев.
Салтанатты рәсім барысында ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық аурухананың бас дәрігері Айгүл Абдрахманова, «Парасат» орденімен қалалық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Сағи Бейсенбеков және И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық аурухананың сарапшы дәрігері Тамара Утаганова, «Құрмет» орденімен балалардың қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасының бас дәрігері Ержан Сералин және И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық аурухананың дәрігері Магаз Мұқашев марапатталды.
«Ерен еңбегі үшін» медалі №12 орталық қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Гүлнар Күлкаеваға, И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық аурухананың бөлім меңгерушісі Бауыржан Сарсембаевқа, қалалық жедел жәрдем ауруханасының бөлім бастығы Сәуле Сауранбаеваға берілді.
«Шапағат» медалімен Фтизиопульмонология орталығының басшысы Cәуле Әуезова, №12 қалалық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Гүлнар Бердалина, балалардың қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасының дәрігері Раушан Мусилимова, И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық аурухананың медбикесі Ләйлігүл Шарипова марапатталды. Қазақстан Республикасының «Құрмет» грамотасымен №1 қалалық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Таив Ракова атап өтілді.