Елімізде 2 миллионға жуық азамат несиесін уақытылы жаба алмай жүр
Несиесі бар қазақстандықтар берешегін 90 күннен кешіктірсе, оларға жаңасын рәсімдеуге тыйым салынуы мүмкін. Сондай-ақ 3 ай мерзімнен кейін өсімпұл тоқтатылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, елімізде 2 миллионға жуық азамат несиесін уақытылы жаба алмай жүр. Ал олардың қарызы 2 триллионға жеткен. Мамандардың пікірінше, несие беру кезінде тәуекелдерді азайтуға бағытталған заң жобасы елдегі мәселені шешуге көмектесуі мүмкін.
– Былтыр азаматтардың қарызы 10 триллион теңге деп едім. Биыл ол 18 триллионға жетті, екі есе өсті. Оның жартысы – тұтынушы кредит, – деді қаржы маманы Меруерт Махмұтова.
Елімізде соңғы екі жылда тұтынушылық несие көлемі де 2 есеге артқан. Енді қарызды жабу үшін банктерден қосымша несие алуға жол бермей мәселені шешу көзделген. Сондай-ақ 21 жасқа толмаған, табысы жоқ адамдардың да несие алуы қиындай түседі.
– Несиені уақытылы төлемеген азаматтар қарыз алу мүмкіндігінен, оның ішінде шағын тұтынушылық несиелерден айырылатыны және бөліп төлеуге де мүмкіндік ала алмай қалатынын түсіну керек. Сонымен қатар Мәжіліс коллекторлық қызмет пен несиені қайта сатуды өзгертуге қатысты бірқатар түзетуді қарастыруда, – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агентігінің өкілі Дмитрий Ақмаев.
Келешекте екінші деңгейлі банктердегі несие пайызын төмендету жоспарда бар. Себебі кей сарапшылардың айтуынша, тек шектеулермен мәселе түпкілікті шешіледі деу мүмкін емес.
– Шектеулер қоя бергеннің пайдасы жоқ. Біз оны көріп отырмыз. Соңғы жылдарда несие беру қатаңдайды. Бірақ азаматтардың несие алу үрдісі баяулап жатқан жоқ. Қайта керісінше, несие пайызы жоғары болды. Не себеп болып жатыр? Оған біріншіден, азаматтардың табысының төмендігі, екіншіден, қаржылай сауаттылықтың жоқтығы себеп болды, – деді экономист Мақсат Халық.
Жаңа заң жобасы тұрғындардың негізсіз шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Несие беру шартында азаматтардың ресми табысы қатаң ескеріледі.
Жансая Олжабек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Майқайың кенішінде құлаған автобус табылды