«Ескі үйлер сүріледі»: Бақытжан Сағынтаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесті

«Ескі үйлер сүріледі»: Бақытжан Сағынтаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесті
2025 жылдың аяғына дейін Алматыда көріктендірілмеген бірде-бір аула қалмайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда троллейбустар көбейеді. Алдағы уақытта қоғамдық көліктің бұл түрінің тағы 4 жаңа бағыты ашылады. Ал экологиялық көліктің жүрісін жеделдету үшін қаладағы желілер күрделі жөндеуден өтеді, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.

Жұмыстар биылдан басталмақ. Бұл туралы бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде мәлімдеді.

Алматыда қоғамдық көлік жолаушыларының санын арттыру үшін, тұрғындарға көрсетілер қызмет сапасын да көтеру көзделуде. Бұдан былай алып шаһар халқы аялдамада автобустарды ұзақ күтпейді. Жүру жиілігін жылдамдату үшін автобустардың санын 2000-ға жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, қала көшелерінде жүйткитін тролейбустардың да қатары көбейеді. Алдағы уақытта қоғамдық көліктің бұл түрінің тағы 4 жаңа бағыты ашылады. Күн сайын троллейбус желілері шамамен 30 рет үзіліп, жолаушыларды әбігерге салады екен. Сондықтан биылдан қалдырмай экологиялық көліктің желілерін жөндеу басталады. Әуелі Тимирязев көшесіндегі электр желісі жаңартылса, келер жылы қала аумағындағы троллейбус сымдары түгел ауыстырылады.

«Қала тұрғындары троллейбустардың санын көбейту туралы ұсынысты жиі айтады. Сондықтан жаңадан 4 бағыт ашамыз және қосалқы станциялар саламыз. Бекеттер экологиялық көліктердің жүрісін жеделдетіп, желілердің үзілуіне жол бермейді. Метроның құрылысы да тұраламайды. «Сарыарқа» мен «Достық» бекеттерін іске қосу жұмыстары уақытында аяқталады. Ал «Жеңіл рельсті көліктер» – шамамен 360 млрд теңге жұмсалатын үлкен жоба. Қазір жобаға жан-жақты сараптама жасап, үкіметке ұсыныс білдірдік. Егер қолдау тауып, қаржы бөлетін болса, ЛРТ құрылысы басталады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Осылайша шаһар басшысы Алмалы ауданы тұрғындарымен қаланы дамыту жоспарларымен түгелдей бөлісті. Білім, сапалы медициналық көмек, қауіпсіздік мәселелерінің барлығы қамтылды. Келер жылдың соңына дейін қаланың барлық көшесі жарықтандырылатын болса, 2025 жылдың аяғына дейін Алматыда көріктендірілмеген бір де бір үй ауласы қалмайды. Әрмен қарай әкім әр тұрғынның арқалаған арызын тыңдады. Жұртты Пәтер иелері кооперативінің қызметі,  автотұрақ, бала бақшаларды жөндеу және мектептер жанынан қосалқы нысандар салу, сондай-ақ ескі үйлерді сүру алаңдатып отыр екен.

«Мұратбаев көшесінің басында тұрамын. Ол жерде бір 20 шақты жекеменшік үй бар. Қасымыздан 12 үй салынып жатыр. Біз сол жердегі қалған 20 шақты үйдің тұрғындары  баспанамыз сүріле ме, соны білгіміз келеді», – деді  бір тұрғын.

Оған қала әкімі барынша нақты әрі түсінікті жауап қайтарды.

«Қалада шамамен 1000 ескі үй бар. Оларды сүрсек, орнына 1 млн 300 шаршы метр пәтер тұрғызуға болады екен. Сондықтан «Ескі үйлерді» сүру бағдарламасын мықтап қолға аламыз. Мұндай бағдарлама арқылы тұрғын үй кезегін жылжытпасақ, қалада үй салатын бос жер жоқ. Ал ескі үйлердің инженерлік желілері тартылған. Тек құрылыс жұмыстарын ғана талап етеді. Ол үйлердегі тұрғындарды уақытша көшіре тұрамыз, баспана тұрғызылғанда олар қайтып өз үйлеріне келеді», – деді Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Тұрғындар арасында инсульттан оңалту орталығының жоқтығын айтып, осындай мекеме ашып беруді сұрағандар да болды. Қала әкімі өз кезегінде мұндай өтініштің маңызды екенін ескеріп, Алматыда заманауи көпфункционалды медициналық кешен салу мәселесі қарастырылатынын жеткізді. Ал көпбалалы аналар жол ақысын төмендету туралы ұсыныс білдірді.



«Менің балаларымның ішінде төртеуі оқушы, олардың апталық жүрісіне менің шығыным 5000 теңгеден жоғары болады. Яғни мектепке барып-келу шығыны, одан кейін оқушылар үйіне қосымша үйірмелерге барады. Мүмкіндік болса, 4 немесе 3 баладан жоғары оқушылары бар аналарға тегін жол жүрісі болса деген ұсынысым бар еді», – деді әлгі ана.

«Бала 18-ге келгеннен кейін «Оңай» картасындағы жеңілдікті алып тастайды. Біз қазір 40 теңге төлейміз. Сол 18-ге бала толғаннан кейін сол 40 теңге бойынша қала берсе дейміз. Өйткені келесі бала өседі. Оларды да тасимыз, жиі жүреміз», – деді келесі бір көпбалалы ана.                                                                                    

Ауданда автотұрақ мәселесі де әлі шешімін таппапты. Мұқым ел үйлерінің маңында қаңтарылған көліктердің қаптағаны сонша, «аяқ алып жүре алмаймыз» деп мұңын шақты әкімге. Бұдан бөлек, қауіпсіздікке алаңдаған ел тәртіп сақшыларының жұмысын күшейтіп, қосымша полиция пункттерін ашуды сұрады.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қауіпсіздік мәселесі ерекше бақылауда. Қалада қылмыс көп болатын жерлерде мобильді полиция пункттері қойылып, айналасы жарықтандырылады. Айта кетсек, шаһар басшысы тұрғындардың жолдаған сауалдары жауапсыз қалмайды деп сендірді. Ертең әкім Бостандық ауданының тұрғындарымен жүздесуді жоспарлап отыр.


 Айдана Мейрамбайқызы, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров