Ақтөбеде мешітте азаншы болып қызмет еткен жігіт теріс діни ағымның жетегінде кетіп, абақтыдан бір-ақ шықты. Діни білімін мешіттен алған азамат жасырын жолмен отбасын ертіп Сирияға өтіп кеткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Сириядағы соғысқа қатысып келген бұрынғы мешіт қызметкері бүгінде түрмеде отыр. Ол басынан өткен қиындықтарын жазалау мекемесінің мамандарына баяндап берген.
«Ол кісі тура жолды іздеп жүріп адасқанын айтты. Өзі мешіттен білім алған, сол жерде азаншы болған адам. Өңірде жиһад мәселесі белең алып тұрған кезде «Алла мені таңдады» деген сеніммен Сирияға барған. Ол жаққа әйелі мен бала-шағасын да алып кеткен.
Бұл кісі сол елге барғаннан кейін ғана қадамының дұрыс емес екенін, соғыс мұсылмандар мен кәпірлер арасында емес, өзара болып жатқанын түсінген. Онда отбасынан көз жазып, бала-шағасын бөлек айырып алып кеткен», - дейді теологиялық оңалту жұмыстарын ұйымдастыру инспекторы Мейіржан Талғатұлы.
34 жастағы бұрынғы азаншының отбасы да елге оралған.
«Ол кісі елге оралғаннан кейін сотталды. Қазір оқшаулау мекемесінде отыр. Әбу Ханифа жолында, сол бойынша білімін жетілдіріп жатыр. Ол кісінің отбасы да Қазақстанға жеткізілді, бала-шағасымен қауышты. Жазалау мекемесінде терроризммен сотталғандарға осы адамның өмірін мысалға алып жұмыс жүргіземіз», - дейді Мейіржан Талғатұлы.