Елімізде бейбіт митингтер қалай өтпек?
Қоғамда ең ұзақ талқыланған заң жобаларының бірі жуырда қабылдануы мүмкін. Мәжіліс депутаттары бейбіт жиналыстар туралы заң жобасына сенаторлар енгізген өзгерістерді қолдап, дауыс берді, деп хабарлайды Almaty.tv тлшісі.
Айта кетейік, 14 мамыр күні Парламенттің Жоғары палатасы құжатқа өзінің түзетуін енгізіп, Мәжіліске қайтарған болатын. Сонымен, елімізде бейбіт митингтер қалай өтпек? Сарапшылардың ойы қандай?
Жоғары палата енгізген өзгерістер мен толықтыруларды бірауыздан қолдады. Пленарлық отырыс барысында депутат Қанат Мусин Заңнама және сот, құқықтық реформа комитетінің қорытындыларын таныстырды.
«Сенаттың түзетулері Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейді, әрі оның жекелеген нормаларын жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстардың әкімшілік орталық аудандарының орталық бөліктерінде бейбіт жиналыстарды ұйымдастырудың арнайы орындарының міндетті санын белгілеу, тұрмыс-тіршілік объектілерінің, көлік пен өзге де инфрақұрылымның жұмыс істеуінің бұзылуы, азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіру сияқты бейбіт жиналысты өткізуден бас тарту негізін алып тастау ұсынылады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қанат МУСИН.
Мұндай кедергілерді билік арнайы орынды белгілеу кезінде алдын ала ескеріп, жоюы тиіс. Бейбіт шеруді ұйымдастырушылардың міндеті де біраз жеңілдеп отыр. Енді олар бұрынғыдай қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жауапты болмайды. Бұл міндет Ішкі істер органдарына жүктеледі. Одан бөлек, бейбіт жиналысқа жекелеген қатысушылар, құқыққа сыйымсыз әрекеттері үшін өздері ғана жауап бермек.
«Егер де бейбіт шеру барысында адам өміріне, денсаулығына зиян келтіретін болса немесе зиян келтіру қаупі төнетін болса, бұл заң жобада бейбіт шеру тоқтатылуы мүмкін», – деді ҚР Президенті жанындағы қсзи бөлім басшысы Алуа ЖОЛДЫБАЛИНА.
Ал Қазақстан заңгерлер одағының өкілі заң жобасын қарау неліктен соншалықты созбалаңға түскенін түсіндірді. Айтуынша, толыққанды талқылау жүргізуге төтенше жағдай мен карантин режимі айтарлықтай әсер еткен.
«Енді бейбіт шеру өткізу үшін рұқсат алудың қажеті жоқ. Тек міндетті түрде мәлімдеме жазып, жергілікті әкімдікті ескерту керек. Сондай-ақ, жиналыс жайлы ескертудің мерзімі де қысқартылды. Егер де бастапқы жобада 15 күн болса, қазір депутаттардың ниеті бойынша 5 күнге дейін қысқарып отыр. Митингтер кенеттен болатынын білеміз. Сондықтан осындай ұзақ мерзім қарапайым бұқараның өз ойын жеткізуге кедергі болатын», – деді Қазақстан заңгерлер одағы Нұр-сұлтан қалалық филиалының директоры Серік БЕРКАМАЛОВ.
Бейбіт шеруде бетперде сияқты жеке қорғаныс құралдарын қазіргідей пандемия кезінде киюге рұқсат беріледі. Митингтерге тыйым салу себептерінің тізімі де қысқартылып отыр.
Бейбіт шерулерді жүргізуге рұқсат бермеу шараның мақсаттарына байланысты болуы мүмкін. Мәселен, ұлтаралық немесе діни араздықты қоздыратын, адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп тудыратын, зорлық-зомбылыққа шақыратын митингтерге тыйым салынады. Бұдан бөлек, егер жиналыс жүргізу үшін діттелген орын белгіленген күні бос емес болған жағдайда да, шеру өтпеуі мүмкін.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» арнасы Нұр-Сұлтан