Өнеркәсіп министрлігі тұрғындарды көмірді ертерек сатып алуға шақырады

22.08.2024 20:05

Қара отын қоры жеткілікті

Almaty.tv

Қыстың қамын жаз ойла. Өнеркәсіп министрлігі қазақстандықтарды көмірді ертерек сатып алуға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қара отынның қоры жеткілікті. Дегенмен, егер азаматтар қар түскенін күтіп, күн суытқанда көмір алуға кіріссе, жүк көліктері тасып үлгере алмай қалады.

– Көмір алатын орын күніне 100 машинаға дейін қызмет көрсете алады. Егер қар жауып, күн суытқанда сұраныс артып, 500 машинаға дейін кезекке тұрса, мәселе туындайды. Сондықтан жергілікті билікке, өңірдегі операторларға ақпараттандыру жұмысын күшейтуді тапсырдық. Қазақстанда көмір қоры жеткілікті. Оны жеткізетін жылжымалы вагондарымыз да дайын. Тек тарату жұмыстары қалды, – деді ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жоламағамбетов.

Тұрар Жолмағамбетовтің айтуынша, қара отын арасында брендке айналып кеткен Шұбаркөл көмірі ел ішінде көп сатылады. Алайда бұл отын сұранысты толық қанағаттандыра алмайды. Оның үстіне көмір бағасы да сатылатын өңірге байланысты өзгеріп отырады.  

– Халықты тек Шұбаркөл көмірімен  қамти алмаймыз. Жеткізген күнде де бағасы қымбат болуы мүмкін. Қарағанды облысынан Жетісудың шығысына дейін немесе батыс өңіріне тасыса, қымбаттайды. Бірақ көмір бар, – деді Тұрар Жоламағамбетов.

Оқи отырыңыз: Биыл көмірдің бағасы қанша

Теги: көмір Қыс