Киноконцертте «Арыстан патша», «Су перісі», «Сұлу мен құбыжық» мульфильмдердің саундтрегі орындалады
5 шілде күні Республика сарайында «Жұлдыздар шеруі» киноконцерті өтеді. «Болашақ» корпоративтік қоры Алматы қаласы әкімдігі осы мақсатта еліміздің танымал әртістерін қайырымдылық концертіне жинап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Киноконцертте Диснейдің қазақ тіліне аударылған «Арыстан патша», «Су перісі», «Сұлу мен құбыжық» секілді танымал кинокартиналардың саундтрегі орындалады.
«Бұл жобада билет тек қана сатылып қана қоймайды, 2500 орынның 500-і қайырымдылық мақсатында көпбалалы отбасыларға, түрлі балалар үйлеріне тегін үлестіріледі. Солайша бүлдіршіндеріміз концертті тегін көруге мүмкіндік алады», – деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Нұрлан СЫДЫҚОВ.
«Жұлдыздар шеруі» киноконцерті – балаларды ғажайып симфониялық музыка әлемімен қазақ тілінде таныстырудың керемет тәсілі. Мерекелік кештен түскен қаражат «Болашақ» корпоративтік қорының «Әрбір бала мектепке лайықты» жобасын қолдауға жұмсалады. Ол елімізде инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталады.