Соңғы екі жылда көліктік бақылау саласында сыбайлас жемқорлық бойынша 110-ға жуық сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Оның ішінде 99 қылмыстық іс аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әсіресе, Ақмола, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында пара алу фактілері көп анықталған.
«Мысалы, ағымдағы жылдың сәуір айында Талдықорған қалалық сотының үкімімен Алматы облысы көліктік бақылау инспекциясы басшысының бұрынғы орынбасары Бауыржан Жантұровқа 100 млн.теңгеге жуық айыппұл салынды. Жантұров Садвакасов пен Мадимовты астыртын қолдау көрсету арқылы 25 ірі жүк тасымалдау кәсіпорындарының басшылары мен сенімді тұлғаларынан Алматы қаласы мен облысы аумағында кедергісіз жүріп-тұруы үшін ай сайын жүйелі түрде пара алып отырған», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр БИГАЙДАРОВ.
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысы бойынша ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті жанынан жобалық кеңсе құрылған. Және көліктік бақылау қызметкерінің қатысуынсыз автомобильдердің салмақтық және габариттік параметрлерін автоматты түрде айқындайтын өлшеу станцияларын пайдалануға енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.