Ал, мас күйде көлік басқарған адам 15 тәулікке қамалып, 7 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылады
Қазақстанда зорлау бойынша қылмыстық істің тең жартысы екі жақтың мәмілеге келуімен аяқталады. Мұндай статистиканы Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы келтірді. Бірақ бұдан былай, Санжар Әділовтың айтуынша, жағдай түбегейлі өзгермек. Себебі заң күшейді. Демек, жыныстық қылмыс орын алған жағдайда татуласу, амнистия арқылы жазасын жеңілдету сияқты мүмкіндіктер мүлдем қарастырылмайды. Керісінше айыпталушы 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылатын болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Адам зорлау бойынша 120,121-баптарына байланысты татуласу немесе амнистия арқылы қылмыстық істерді қысқартуға болмайды. Барлық қылмыстық іске қатысты айып тағылып, ол сотқа жолданады. Яғни істі тек сот қарайды. Ешқандай татуласу немесе кешірім алу арқылы қылмыс мерзімі қысқармайды. Ондай мүмкіндік болмайды», - деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар ӘДІЛОВ.
Одан бөлек, көлік жүргізушілеріне қатысты заң да едәуір қатаңдатылды. Жыл сайын елімізде көлік құралдарын мас күйінде тізгіндейтін 25 мыңнан астам жүргізуші анықталады екен. Соның кесірінен бір жылда 700-ден астам адам жарақат алса, 100-ге жуық адам қаза тапқан.
«Азаматтардың денсаулығына зиян келтіре отырып, жол көлік оқиғасын бұзған кезде мас жүргізуші қылмыстық тәртіпте 3 жылға дейін бас бостандығынан айыруға және көлік басқару құқығынан 10 жылға дейін айырылатын болады. Ал осындай жағдай адам өліміне әкеп соғатын жағдайда 10 жылға дейін мерзімде бас бостандығынан айыруға және көлік басқару құқығынан 10 жылдан бастап өмір бойына дейін мерзімге айыруға жазаланатын болады», - деді ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар ҚОЖАЕВ.