«Азғындықты дәріптейді» Депутат жұрттың ашуын туғызған бағдарламаларды тыюды сұрады

«Азғындықты дәріптейді» Депутат жұрттың ашуын туғызған бағдарламаларды тыюды сұрады
Депутат Кәрібай Мұсырман қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу керек деп санайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәжіліс депутаттары телеарналарда азғындықты ашық дәріптейтін бағдарламаларды көрсетуді тыюды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik.  

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында депутат Кәрібай Мұсырман ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевқа депутаттық сауал жолдады. Бір топ депутат телеарналардың жұмысындағы өзекті мәселелерді көтерген.

«Кейбір телеарналарда ұлттық құндылықтарымызды насихаттамақ түгіл, оларды өрескел бұрмалайтын, тіпті неше түрлі азғындықты ашық дәріптейтін телеөнімдерді көрсету тыйылмай тұр. Мәселен, жуырда «Өз ойым» бағдарламасында абыройын ақшаға сататынын жариялаған қазақ қызының шектен шыққан ұятсыз қылығы мен оны осындай рөлді ойнауға үгіттеп көндірген телеарна қызметкерлерінің «атын шығару үшін жер өртеуге» дейін баратын теріс пиғылы жұртшылықтың орынды ашу-ызасын туғызды», - деді Мұсырман.

Бұдан бөлек, депутаттың пікірінше, Қазақстанның Тұңғыш Президенті ұсынған «Туған жер» және «Ауыл ел бесігі» бағдарламалары мемлекеттік телеарналарда жеткілікті насихатталмай жүр.

«Осы орайда республикалық бюджеттен мемлекеттік-ақпараттық саясатты жүргізуге бөлінген қаржы жылдан-жылға көбейтіліп отырғанын ескерсек, мәселен, былтыр 46 миллиард 587 миллион теңгеден астам, ал биыл 49 миллиард 482 миллион теңге бөлінген. Осынша қаржының тиімділігі қандай деген сұрақ туындайды», - деді мәжілісмен.

Депутат республикалық және өңірлік БАҚ басшыларының және қызметкерлерінің қатысуымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ақпараттық қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін кеңінен талқылауды ұйымдастыруды ұсынды. Сондай-ақ, БАҚ-та ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді, қазақстандық қоғамда қалыптасқан адамгершілік принциптерін қатаң қадағалау керектігін атап өтті.


Новости партнеров