Петропавлда такси қызметкерлері коронавирустан сақтану шараларын күшейтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жүргізушілер көліктерін арнайы пленкамен жабдықтап жатыр. Айтуынша, коронавирустан қорғану үшін маска мен қолғап кию жеткіліксіз. Такси жүргізушілерінің жаңа қорғаныш құралы мен қазіргі тыныс тіршілігі жайында әріптесіміз тарқатады.
Қала тұрғыны Қуаныш, қазір екі жұмыста нәпақа табуға мәжбүр. Анасы елдегі жайғдайға байланысты жұмыссыз қалғандықтан, отбасыны асырау менің мойнымда дейді. Такси жүргізушісі кешкі сағат 17.00-тден сағат 20.00-ге дейін шамамен 3 мың теңге табады. Нәпақа табамын деп жүргенде, қауіпті вирусты жұқтырып алмау үшін барлық сақтық шараларын қолданамын дейді.
«Бұл пленка вирустан құтқарады ма, жоқ па білмеймін, бірақ мен өзімнің денсаулығымды сақтау үшін барлық талаптарды орындаймын. Сақтансаң сақтаймын деген сөз бар ғой. Қазір жұмыс істеудің барлық амалдарын іздеу керек, ақша табу керек. Бұл қиын күндерді бірдеңе қылып сүруіміз керек», – деді такси жүргізушісі Қуаныш.
Такси қызметкерлері сақтық шаралары үшін көліктерін антисептикпен күніне бірнеше рет дезинфекциялайды. Одан бөлек қазір жүргізуші мен жолаушыны осындай пленка бөліп тұрады. Жүргізушілердің айтуынша, италиялық әріптестер коронавирустан дәл осы әдіспен қорғана бастаған. Дегенмен оның пайдасы тиеді дегенге аса сенбейміз дейді.
«Бізге көліктерді пленкамен жабдықтау туралы хабарлама келді. Жолаушы отыратын жақтың еденінде шүберек қою керек деп айтылды. Өзіммен осындай антисептик, дезинфектора алып жүремін. Егер көліктің ішінде бір жұқпа болса, бұл пленка көмектеседі деп ойламаймын. Себебі ашық тұрған саңылаулар көп», – деді такси жүргізушісі Марат.
Жүргізушілер вирустан сақтанудың мұндай түрін бірнеше күн бұрын енгізген. Естеріңізге сала кетейік, Петропавлда 3 сәуірден бастап карантиндік тәртіп орнағалы қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылды.