Петропавлда техногендік төтенше жағдай режимі жарияланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Қаладағы кәріз коллекторлары ескіріп, тозған. Жаңарту жұмыстарын қажет етеді. Тұрғындар коммуналдық қызметкерлер мәселеге тиісті назар аудармағанын айтып, наразылық білдірді.
7 қарашада Петропавл көшелерінің бірінде диаметрі 800 мм кәріз коллекторы істен шыққан. 1956 жылы салынған құбырға вокзал маңындағы Береке, №19-20 ықшамаудандары мен Жұмысшы кентінің көше сулары жиналады.
– Коллекторларды түбегейлі ауыстыру керек. 1956 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген. Коммуналдық қызмет мамандары жұмысын дұрыс атқармайды, - дейді қала тұрғыны Надежда Борисова
Тұрғындардың айтуынша, құбырлары жиі істен шығады.
– Коллекторларға жауапты қызмет мамандары жылдың басында ақауларды ретке келтіруі тиіс. Істен шыққан кезде барып, қимылдайды, - дейді қала тұрғыны Арман Сағындықов.
Коммуналдық қызмет мамандары қаладағы кәріз жүйелері 63% тозғанын айтты. Қала әкімдігі коллекторды жедел жөндеу үшін жергілікті техногендік төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылдады.
– Қазір коллектор қалыпты жүйемен жұмыс істеп тұр. Дегенмен оны көп кешіктірмей жөндеу керек. Сондықтан қалада техногендік төтенше жағдай жарияланды. Бұл 700 метрлік кәріз құбырын тезірек қалыпқа келтіру үшін қабылданған шара, - дейді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.
Петропавлда соңғы бір айдағы екінші ірі кәріз құбырының жарылуы тіркелді. 18 қазанда Абай көшесінде тағы бір коллектор істен шыққан. Жөндеу жұмыстары жақында аяқталды. Жалпы қалада 257,8 шақырым кәріз желісі бар.
Нұргүл Алина, Азамат Елубаев, Алматы телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан.
Оқи отырыңыз: Алматының коммуналдық қызметі қалай жұмыс істеп жатыр