Отан алдындағы міндетін десанттық шабуылдау әскерінде атқарған Наурызбай Іңкәрбай болашақта өмірін әскери саламен байланыстырмақ
Отан алдындағы борышын өтеген 7 мыңға жуық сарбаз үйіне оралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміздің Қорғаныс министрі карантин режимі кезінде бір жыл бойы әскери міндетін орындаған қатардағы жауынгерлерді үйіне жеткізу мәселесін шешкен. Осылайша Бас әскери көлік басқармасы Жолаушылар тасымалы акционерлік қоғамымен бірлесіп, арнайы әскери эшелон ұйымдастырды. Кеше кешқұрым Нұр-Сұлтаннан 3 вагонмен 130 сарбаз үйіне аттанды.
Отан алдындағы міндетін десанттық шабуылдау әскерінде атқарған Наурызбай Іңкәрбай болашақта өмірін әскери саламен байланыстырмақ. Бұған борышын өтеу барысында бел буған. Ал қазір өзінің туған жері Қарағанды қаласына аттанғалы отыр. Бір жыл көзді ашып-жұмғанша өткенімен, ата-анамды, қарындас-бауырларымды сағындым дейді.
«Мен қазіргі уақытта өз үйіме қайтып бара жатырмын. Осы сәтті пайдалана отырып, өзімнің бір жыл бойы үйреткен, қару ұстатып және де басқа да төзімділікке, басқа да заттарға үйреткен командирлеріме, сержанттарыма алғысымды білдіремін», – деді қатардағы жауынгер Наурызбай ІҢКӘРБАЙ.
Артем Партуто да отан алдындағы борышын элиталы әскерде өтегеніне қуанышты екенін жеткізді. Бірақ болашақта қыржыгер болуды қалайды. Ал әскерге бару – әр азаматтың парызы, деп санайды.
«Бүгін әр сарбаз асыға күтетін күн. Үйіне жіберілетін күн. Өте қуаныштымыз, әрине. Бізді осылайша тасымалдау мәселесін шешкеніне алғыс айтамыз. Үйімде ата-анам, сүйіктім күтуде. Сондықтан оларды көруге асықпын», – деді қатардағы жауынгер Артем ПАРТУТО.
Әскерилерді тасымалдау 16 мамырдан басталған екен. Ең алдымен, үйлеріне Қарулы күштердің оқу орталықтарының әскери қызметшілері жіберілді. Бүгінге дейін оңтүстік өңірлерден Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Нұр-Сұлтанға мыңға жуық жас маман келіпті.
«Нұр-Сұлтан қаласынан Қызылорда қаласы бағытында әскери пойыз жүргелі тұр. Онда қазіргі станциядан отыратын шамасы 100-ден аса әскери қызметші. Үш вагонмен шығады. Жолдан келесі станция Қарағандыда вагондар қосылады. Қосымша запасқа шыққан әскери қызметшілер отырады. Әрі қарай басқа үлкен қалаларда Жамбыл, Шымкент қалаларында запасқа шығарылған әскери қызметшілер отырғызылады. Ауылына, тұрғылықты мекенжайына жеткен әскери қызметшілер бұл пойыздан түсіп қалады», – деді ҚР Бас әскери көлік басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш КӘЛЕНОВ.
Арнайы шара 8 күнге жалғасады. Осы аралықта 7 мыңға тарта сарбаз өз үйлеріне оралатын болады.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы Нұр-Сұлтан