Үй тұруға жарамсыз: Жетісу облысында үйін су басқан тұрғын құтқару мекемесін паналап жүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Жауын-шашын салдарынан ауласын су шайып, баспанасының сау-тамтығы қалмаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетісу облысында үйін су басқан тұрғындар әлі уақытша баспана паналап жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айнаш Кназева – Ешкіөлмес ауылының тұрғыны. Жауын-шашын салдарынан ауласын су шайып, баспанасының сау-тамтығы қалмаған. Тіпті есік алдында тұрған көлігі де істен шығыпты. Апат туралы көршісінен естіген олар ол күні үйде болмаған. Содан бері жолдасы екеуі мектеп жасындағы 3 баласымен әлі құтқару мекемесін паналап жүр. Көзіне жас алған әйел қираған қабырғаларды көрсетіп, жөндеуге жарамайтынын айтты.    

– Үй қызыл кірпіштен салынғандықтан, жөндеу жұмысын жүргізетінін айтқан. Бірақ біз мұнда тұра алмаймыз. Үшінші рет су басып отыр. Аудан әкімдігі үй сүрілетінін айтқан, – деді Ешкіөлмес ауылының тұрғыны Айнаш Кназева.

«Үй тұруға жарамсыз» деген Айнаш Кназева комиссия шешімімен келіспейді. Оның айтуынша, баспананы 3 жыл бұрын несиеге алынған. Қазір банк алдында 4,5 миллион теңгеге жуық берешегі бар. Ал аудан әкімдігі отбасына нақты сараптама нәтижесі шыққаннан кейін көмек көрсетілетінін айтты.

– Эксперттік комиссия 89 үйді анықтады. Оның ішінде 22 үй «апаттық» деп танылды. Бұл – алдын ала берілген ақпарат. Екі-үш күнде сарапшылар қорытындысын береді. Ақша да, механизм де дайын. Бірақ қорытынды керек, заң шеңберінде апатты үйдің орнына жаңа баспана беріледі. Ал бүлінген үйлерге жөндеу жасалады, – деді Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Сержан Оңалбаев.  

Қарабұлақ ауылы Махамбет Өтемісұлы көшесінде орналасқан жеке сектордағы үй комиссия шешімімен «апатты» деп танылған. XX ғасырдың ортасында салынса керек, тым ескі, қабырғасы балшықтан тұрғызылған. Апат болған күні ауласын қорасымен бірге су шайып әкетіпті. Бау-бақшасы да бүлінген.

– Облыс әкімінің орынбасары келесі айда көшетінімізді айтқан. «Қарабұлақтан үй алып береміз» деді, күтіп отырмыз, – деді Қарабұлақ ауылының тұрғыны Сәуле Тайжанова.  

Қазір ауданда төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында канал арналарын тазалау, олардың өткізу қабілетін ұлғайту жұмысы қарқынды жүріп жатыр.

Аяулым Көлжігіт, Эльвира Нұрланқызы, Надир Хамзин, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысынан

Оқи отырыңыз: Алматы қаласындағы кезекті заңсыз нысан бұзылды

Новости партнеров