Қазіргі таңда атом энергетикасын дамыту жөніндегі зерттеулер жүргізілуде
Еліміздегі атом электр станциясының құрылысы бойынша 6 халықаралық компания ұсыныс жасап отыр. Бұл туралы Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Жасұлан Қасенов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанның табиғи-климаттық факторлары мен АЭС-тің қоршаған ортаға ықтимал әсерін негізге ала отырып, атом энергетикасын дамыту жөніндегі зерттеулер жүргізілуде. Бұл бағыттағы зерттеу жұмыстары реакторлардың қауіпсіздігін де қамтымақ.
«Біздің елімізде атом энергетикасын дамытуға барлық мүмкіндіктеріміз бар. Біз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орын аламыз. Бізде ядролық отын компоненттерінің өндірісі бар. Сондай-ақ біздің елде уранды изотоптық байыту технологиясы бар деуге болады. Былтыр Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станцияларына дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылды. Қазір онда ядролық отын белсенді өндіріліп жатыр», - деді ҚР Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Жасұлан Қасенов.
Сонымен қатар министрлік Қазақстанда салынуы ықтимал атомдық реактордың болжамды құнын атады. Алайда әзірге бұл жоба қандай көзден қаржыландырылатыны да белгісіз.
«Халықаралық тәжірибе қуаты 1000-1200 МВт болатын бір атом-энергетикалық блок құрылысының құны шамамен 5 млрд доллар болатынын көрсетіп отыр. Бұл шамалап айтылған сома. Қайталап айтайын, халықаралық тәжірибе осылай көрсетіп отыр. АЭС құрлысының әлемдік нарығы осындай баға көрсетіп тұр. Әрине, бұдан анағұрлым нақты соманы станса орнататын жеткізуші компанияны анықтап, келіссөз жүргізген кезде ғана айтуға болады. Өйткені АЭС құны көптеген факторларға байланысты», - деді Жасұлан Қасенов.