Қазақстанда енді ауа райы ескертуін елемей жолға шыққандар жауапқа тартылады

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде қыстыгүні ауа райының қолайсыздығы мен ескертуге қарамастан жолға шығатын азаматтарды әкімшілік жауапқа тарту қаралып жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайды жою басқармасының басшысы Эльдор Райымбеков мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бүгінде «Қазавтожол» және «Қазавтодор» мекемелерімен бірлесіп қыстыгүні ауа райының қолайсыздығы туралы ескерту, хабарландыруға құлақ аспай жолға шығып кететін тұрғындарды жауап тарту жағын қарастырып жатырмыз. Ауа райының қолайсыздығына және ескертуге қарамастан жолға шығып кететіндер бар. Салдарынан адамдар төтенше жағдайға тап болып жатады. Яғни, жолды тазалау қызметінің мамандары қарлы-боранды күні жолға шыққан көлік иелері туралы полицияға хабарлайды, одан әрі тәртіп сақшылары іске кірісіп, жолаушыны әкімшілік жауапкершілікке тартады. Бұл жерде басты мәселе – адамның қауіпсіздігі»,– дейді Эльдор Райымбеков. 

Оның айтуынша, аталған шараны «Қазавтожол», «Қазавтодор», полиция және төтенше жағдай қызметі бірлесіп атқарады. 

«Негізі жолда жүру заңында бұл мәселе қаралған. Яғни жол қозғалысы ережесін бұзу болып табылады. Сондықтан да ескертуді елемейтін жолаушыларды жауапкершілікке тарту шарасы қолға алынып жатыр. Ескеретін жайт, әкімшілік жауапкершілік ауа райының қолайсыздығы туралы хабарландыру және төтенше жағдай қызметкері мен полицияның ескертуіне қарамастан жолға шыққандарға ғана қатысты»,– дейді ол. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл елордада 40-тан астам арнайы техника сатып алынды.

Новости партнеров