Көпбалалы анаға 3 млн теңге көмек берілді
«Өзіме қол жұмсаймын, төрт баламды өзіммен бірге о дүниеге ала кетемін» деген көпбалалы ана Ақмарал Асабаева «Алматы» телеарнасы «Шешімі бар» бағдарламасына келіп, жанайқайын жеткізді.
Оның айтуынша, анасы мен інісі баспанасын кепілге қойып, ақысын төлемей қойған. Соның салдарынан көпбалалы ана үйін босатуға мәжбүр. Ол шиеттей баламен қақаған қыста далада қаламын ба деп қорқады.
«Менің үйім әкемнің атында болған. Кезінде үкіметтен тағы да баспана алып қалармыз деген оймен, күйеуіміз екеуіміз үйді әкемнің атына жаздырған болатынбыз. Уақыт өте келе әкем қатты ауырып, ауруханаға түсіп қалды. Сол кезде інім мен анам әкеме қол қойғызып, үйді кепілге қойып, 2 млн теңге ақша алып алған», – дейді көпбалалы ана.
Әкесінен айырылып, қайғыдан қан жұтып жүрген Ақмарал Асабаева үйінің кепілге өтіп кеткенін білмеген.
«Әкем ауырып, қайтыс болып кетті. Мен үйдің кепілде тұрғанын сот орындаушылары есігімді келіп, қаққанша білгенім жоқ. Әкем ауруханаға түскенде ес-түссіз жатты. Ол кісінің қол қойып беруі мүмкін емес», – дейді ол.
Төрт баламен далада қаламын ба деп қорыққан Ақмарал інісі мен анасының атынан полицияға шағым да түсірген.
«2020 жылы полицияға шағым түсірдім. Бірақ іс қаралып жатыр деп іс сол күйі аяқсыз қалды. Інім құмар ойындар ойнайды. Анам менен қашып, Шымкент қаласына кетіп қалды. Қазір мүлдем арласпаймыз. Есігімді біреу қақса, ашпаймын», – дейді Ақмарал Асабаева.
Баспанамнан айырылып қаламын ба деп қорыққан ана әр күні жылаумен өтіп жатқанын жеткізді. Жанына демеу болып, қол ұшын созатын адамы да жоқ екен. Ал өмірлік серігі болған жолдасы баспана үшін әйелін кінәлап, үйден безіп кеткен.
«Жолдасым да отбасын тастап кетті. Менің жан сырымды айтатын жақын адамым жоқ. Балаларымды қатты жақсы көремін. Өзіммен бірге оларды да о дүниеге алып кетемін», – дейді ана.
«Шешімі бар» бағдарламасына келіп, көз жасына ерік берген ананың мәселесін «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры шешіп берді. Олар Ақмарал Асабаеваға 3 млн теңге көмек беріп, Жетісай қаласына барып, үйді өз атына аударып алуға қолұшын созды.