Онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға көмектесу үшін Тәжікстаннан келген әншілер мен отандық эстрада жұлдыздары Алматыда концерт берді деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әншілердің бәрі тегін өнер көрсетуге келіскен. Концерт билеттерінің сатылымынан түскен қаражат науқас сәбилердің саулығы үшін жұмсалады.
Айта кетсек, ұйымдастырушылар мұндай қайырымдылық шараны дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.
«Бұл Тәжікстанның Қазақстанға жасаған тартуы. Біз бұл концерттен түскен қаржыны Нағима Жұмашқызының «Здоровая Азия» қорына береміз деген ойдамыз. Себебі, олар қатерлі ісікке шалдыққан балаларға арналған УЗИ аппаратын сатып алу үшін қомақты қаржыға мұқтаж болып отыр», - деді концерт ұйымдастырушысы Мехрангез Каримова.