Мамандар алматылық жүргізушілер қараша соңына қалмай, дөңгелек ауыстырудың қамына кіріскені жөн дейді
Қыс мезгілі жақындаған сайын жүргізушілер нарықта кең тараған "жабысқақ" және тікенекті дөңгелектердің қайсысын таңдаймын деп әлекке түсуде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматының ауа-райына қайсысы ыңғайлы? Біз осы ретте қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізген едік.
«Тікенекті дөңгелек салсам ба деп ойлағам. Бірақ Алматыға «жабысқақ» дұрыс па деймін», – деді қала тұрғыны.
«Тікенекті дөңгелектің керегі не? Бізде қатты қыс жоқ қой», – деді келесі бір тұрғын.
«Тікенекті дөңгелектің Алматыға керегі жоқ сияқты», - деді тағы бірі.
Жабысқақ және тікенекті дөңгелектердің өзіндік артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Мәселе сіздің тұратын және көп жүретін жеріңізге байланысты. Таудан қатынасыңыз тікенекті, жазықта көп жүрсеңіз жабысқақ дөңгелектер ыңғайлы дейді мамандар.
«Қаланың ортасында, таудан алыс тұратындарға «жабысқақ» сала берген дұрыс», - деді дөңгелек сатушы компанияның өкілі Қуаныш СЕЙСЕМБАЕВ.
Қазіргі таңда дөңгелек шығаратын әлемдік компаниялардың арасында бәсекелестік жоғары. Бірақ бәрінің ортақ мәселесі мейлінше қозғалыс кезіндегі дөңгелектің гуілін азайту. Сондай-ақ, қысы жазы жүре беретін әмбебап дөңгелекті жаңа технолгиямен шығаруға бас қатырып отырған көрінеді.
«Қазір әлемде дөңгелек шығарумен айналысатын алпауыт компаниялардың барлығы қозғалыс кезіндегі дөңгелектің шуылын мейлінше азайту жолында жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ, мамандар жылдың төрт мезгілінде бірдей жүре беретін дөңгелектерді ойластырып жатыр. Ол бұған дейінгі қолданыстағы барлық маусымға жүре беретін дөңгелектерден мүлдем өзгеше. Қыстың қақаған аязында, жаздың аптап ыстығында да еш кедергісіз жүре аласыз. Бұл дөңгелектердің нарыққа шығатын күні алыс емес», – деді дөңгелек шығарушы компанияның өкілі Эрик Ван ЭЛВЕН.
Мамандар алматылық жүргізушілер қазан айының соңы мен қараша айының басынан кешікпей дөңгелек ауыстырудың қамына кіріскені жөн дейді. Себебі, осы уақытта ауа температурасы күрт түсетіндіктен, дөңгелек қатып, қозғалысқа қиындық тудыруы мүмкін.