Алматыда ерекше көліктердің жарысы өтті. Командалық сайыста бағын сынаушылар бәйгеге түсетін темір тұлпарды өз қолдарынан құрастырған. Жалпы спорттық додада 60 топ бағын қатысты. Әлем бойынша бірегей, жылдам жарыс Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бес адамнан құралған топ жарысқа қатысу үшін Көкшетаудан арнайы келген. Көлікті ұлттық нақышта құрастырыпты. Мұндағы әр бөлшектің түпкі ойы бар. Мәселен, түрлі-түсті лента елімізде тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлысты білдіреді екен.
«Үш апта күндіз-түні жұмыс істедік. Сонау Көкшетаудан осы жаққа алып келдік. 1500 шақырым жол жүрдік», – дейді қатысушы Шәкәрім МҰҚАНОВ.
Спорттық додада жалпы 60 команда бағын сынады. Оған қатысуға 200 азаматтан өтініш келіп түскен. Көлікті құрастыруға 2 ай уақыт берілген. Құрылғының басқышы да, қозғалтқышы да жоқ. Жарысқа әуесқой командалардың да қатысуына мүмкіндік берілген. Сайыскерлердің арасында кеңсе қызметкерлері, музыкант, сәулетші, дизайнер және студенттер бар.
«Жарыс өтетіні туралы әлеуметтік желіден оқып, арнайы келдік. Сайыс өте тартысты, қызық өтіп жатыр. Спорттық дода келесі жылы да ұйымдастырылатын болса, біз де көлікті құрастырып бағымызды сынап көрсек дейміз», – дейді қатысушылардың бірі.
«Спорттық доданың шығу тарихы жайында оқығанмын. Мұндай сайыс әлемнің түкпір-түкпірінде өтіп тұрады екен. Ғаламат жарыстың куәсі болып отырғаныма қуаныштымын. Қатысушылардың құрастырған көліктері де ерекше», – дейді тағы бірі.
Ең басты шарт - көлік қолдан жасалып, адамдардың көмегімен ғана жылдамдық алуы тиіс, яғни команда мүшелері оны ылдидан итеріп жібереді. Арнайы кедергілері қойылған 350 метр қашықтықты еңсеруі керек. Қазылар алқасы қолдан құрастырған көліктің дизайны мен сөре сызығы алдындағы 30 секундтық бағдарламаны бағалады.
Бас жүлдені ZIG ZAG тобы қанжығалады. Атап өтерлігі, бұл топ 2017 жылы да бірінші орынды иеленген болатын. Олар Сочиде өтетін Формула 1 жарысына жолдама алды. 5 сағатқа созылған көлік бәйгесін тамашалуға 35 мың көрермен жиналған.
Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы