Елорда маңында орналасқан Нұресіл ауылында халық сусыз отыр. Мыңдаған тұрғын 2 айдан бері ауыз судан тапшылық көріп, қаладан тасып ішуге мәжбүр. Жылда қайталанатын бұл жағдай адамдарды әбден қажытқан. Ал ауыл халқы әкімдік мәселеге мән бермей отқанын айтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ауыл орталығында орналасқан үйлерге суды күніне екі рет береді. Ал қалған үйлерге, тіпті, су бармайды. Амалдары құрыған олар суды орталық құдықтан таситын көрінеді. Десе де, ол құдықтағы судың да өз уақыты бар. Күніне екі мезгіл ағатын суды халық сатып алып ішеді.
«Бізде өзімізде 1 ай уақыт су келген жоқ. Біз енді орталықта тұрғандықтан таңертең, түсте және кешке 3 мезгіл су беріп отырды. Өзіміз де қаладан тасып жүрдік. Жұмыстан кейін жолдасым екеуміз тасимыз», – деді Нұресіл ауылының тұрғыны Марал Байсина.
Көлігі барлар суды қаладан тасиды. Себебі құдықтан алған су кейде жетпей қалады.
«Судың жоқтығына шамамен 2 ай болды. Емін-еркін жуына алмаймыз. Орта ғасырға тап болғандаймыз. Суға уақытылы төлеп отырдық. Жауаптылар «жөндеу жұмысы бітті» дейді. Бірақ, әлі су жібермеді. Бұрынғы замандай қол жуғыш сатып алатын шығармыз жақында», – деді Нұресіл ауылының тұрғыны Дәулет Нұрпейісов.
Су құбырларын жөндеуге қыруар қаржы жұмсалғанымен, рахатын көрмеген халық ендігі әкімдіктің уәдесіне сенуден қалған. Алайда, ауыл басшылары мәселені шешу үшін халыққа күніне екі рет су берілетінін айтып, «ешкім сусыз отқан жоқ» деп қайырды.
«Нұресіл, Жаңа Жайнақ және Раздольное ауылдық мекендерінде сумен жабдықтау 2010 жылы «Ақтық» акционерлік қоғамының сенімгерлік басшылығына қызмет көрсетуге берілген болатын. Бүгінгі таңда ескі ұңғыма бұрғыларды судың тапшылығына байланысты су күніне екі мезгіл халыққа беріліп жатыр», – деді Целиноград су арнасының бас директоры Арман Сатыбаев.
2 айға жуық созылған жөндеу жұмыстары аяқталды. Дегенмен, іс толық бітпеген. Мамандардың айтуынша, Нұресіл, Жаңа Жайнақ және Раздольное ауылдарын сумен қамтамасыз етуге арнайы жоба дайындалған. Ол жобаны жүзеге асыру үшін 2 млрд-тан астам қаражат керек.