9-10 маусымда Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында заңсыз шеру мен митингке шыққан 500-ге жуық адам ұсталған
Сайлау кезінде рұқсат етілмеген митингке шыққан 200-ге жуық астаналық Ақмола мен Қарағанды облыстарына жөнелтілген. Бұндай қадам олардың бір орында топталмауы үшін жасалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев заңсыз митинг жайлы Үкіметте осындай ой білдірді. Шендінің айтуынша, ең бастысы – ел тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі.
«200-ге жуық адамды біз Ақмола мен Қарағанды облыстарына жөнелттік. Олардың біршамасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлесе, басқалары темір торға қамалды», – деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат ҚОЖАЕВ.
Оның айтуынша, полицейлердің күштеп итеруіне митингке қатысушыларды өздері себепші болған. Өйткені, азаматтар тас, таяқ, көзді ашытатын арнайы баллондарды қолданған.
Айта кету керек, жалпы 9-10 маусым аралығында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында заңсыз шеру мен митингке шыққан 500-ге жуық адам ұсталды. Құзырлы орган өкілдері топтасқан азаматтардың көше мен көлік жолдарын жауып, қаланың тыныш-тіршілігіне кедергі жасағандарын айтады.