Облыста малдың 80 пайызы еркін жайылымнан ұрланады
Батыс Қазақстан облысының полицейлері жоғалып кеткен 26 жылқыны тауып, иелеріне қайтарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға Теректі ауданына қарасты Еңбек ауылында болды. Үш тұрғын 9,7 млн теңге тұратын осыншама малдың жоғалғаны жөнінде полицияға шағым түсірген. Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 188-1-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды, алайда мал ұрлығы анықталмады.
«Малды іздеуге Еңбек полиция бөлімінің жеке құрамы, БҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жұмылдырылды. Жедел іздестіру шаралары барысында мал даладан табылды. Мал ұрлығы ауыр қылмыстар қатарына жатады. Оны ашу үшін едәуір күш жұмсалады, полицейлердің уақыты кетеді. Облыста малдың 80 пайызы еркін жайылымнан ұрланады. Сондықтан тұрғындар өз малын бетімен жібермеуі тиіс», – деді Б.Белгібеков.